Шымкентте алғаш рет «Цифрлы күз» интерактив фестивалі өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар Француз институты, Less Media Group, Қазақстандағы Франция Елшілігі және «КЖВ» заманауи өнер галереясы. Маңызды мәдени іс-шара туралы толығырақ, алдағы сюжетте айтамыз.
Фестиваль аясында шымкенттіктер виртуалды шындық форматы арқылы жасалған Францияның озық цифрлық туындыларымен таныса алады. Сондай-ақ француз суретшісі Элли Олдманның жетекшілігімен жасалған «Қорқынышты орман» атты интерактив фресканы тамашалайды. Бұл – өнер, музыка және толықтырылған сандық технологиялар тоғысқан ерекше жоба. Элли Олдманның басшылығымен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің жас суретшілері, музыканттары мен бағдарламашылары ауқымды цифрлық туынды жасап шыққан.
Ода Кристоф, Франция елшілігің Қазақстандағы мәдениет жөніндегі атташесі: «Бұл ауқымды жоба француз суретшісімен Орталық Азияның 18 креаторының бірлесуімен жасалды. Олардың қатарында музыканттар, иллюстраторлар, осы фрескаға арналған бейнеойындарды жасаған бағдарламашылар бар. Жобаға дайындық осы жылдың ақпан айында басталған. Мұнда әртүрлі паноларда көрмеге арналған түсіндірмелерді көре аласыздар. Фресканың кейіпкерлері телефондағы арнайы қосымшаның көмегімен «жанданып», біз олардың оқиғасын жақсы түсініп, арнайы жазылған әуен сүйемелдеуімен кейіпкерлермен өзара байланыса аламыз».
Іс-шара «КЖВ» заманауи өнер галереясында өтіп жатыр. Ашылу салтанатына Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильва Гиоге қатысты.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: «Мен биылғы бағдарламаны Астана, Алматы және Атыраудан кейін дәл осы КЖВ галереясында таныстыруға мүмкіндік жасаған Камилла Тұрысбековаға алғыс айтамын. Жыл сайын өтетін цифрлық өнер фестивалі алғаш рет Шымкентте ұйымдастырылып отыр».
«Цифрлы күз» — төртінші жыл қатарынан Қазақстанның бірнеше қаласында өткізіліп келе жатқан интерактив фестиваль. Ол виртуалды және толықтырылған шындық форматындағы үздік француз цифрлық туындыларын біріктіреді.
Алмагүл Ержекенова, үйлестіруші: «Біздің «Цифрлы күз» фестивалі — нағыз көшпелі фестиваль. Ол қаладан қалаға, елден елге көшіп жүреді. Қазір дәл осы фестиваль Ресей мен Өзбекстанда да қатар өтіп жатыр».
Самал Есләмова, актриса: «Тамаша. Мен қатты таңғалдым. Осындай әсем көрме, мұндай өнермен жақын танысу мүмкіндігі — ерекше. Әрине, мен қатты сүйсіндім».
Биылғы фестиваль 12 қарашада Алматыда басталып, 7 желтоқсанда Шымкентте аяқталады. Фестивальдің ұйымдастырушылары: Француз институты, Less Media Group, Қазақстандағы Франция Елшілігі және «КЖВ» заманауи өнер галереясы.
Шынар Оразова
