Úı Jańalyqtar Шымкентте өкпе ісігімен 8 мың адам есепте тұрады

Шымкентте өкпе ісігімен 8 мың адам есепте тұрады

Шымкентте өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған жаңа эндоскопиялық жабдық таныстырылды. AstraZeneca компаниясы ұсынған аппарат қазірдің өзінде онкологиялық орталығы бар көпсалалы аурухананың базасына орнатылды. Бұл құрылғы қала тұрғындары мен жақын аудандардың халқына тегін, әрі уақытылы тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Іс-шараға  Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Салли Аксуорти және еліміздің жетекші онкологтары қатысты.

Қалалық онкология орталығы 160 миллион теңге тұратын жаңа эндоскопиялық жабдықпен толықты. Заманауи цифрлық құрылғы тыныс жолдарының ең күрделі және қолжетімсіз аймақтарын тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңдерінде анықтауға жағдай жасайды. Сондай-ақ, жоғары сапалы экран арқылы, дәрігерлер зақымданған аймақтарды тез арада анықтап, диагнозды дәл қоюға мүмкіндік алады.

Бердияр Қадырбеков, эндоскопист: «Бұл жабдықта біз тек диагностика жасап қана қоймаймыз. Заманауи техника ісік алды аурулары бар пациенттерді емдеуге және ерте кезеңдерде аз инвазивті операциялар жүргізуге мүмкіндік береді».

Шымкентте сегіз мыңнан астам науқас, өкпе қатерлі ісігі диагнозымен  есепте тіркелген. Бұл дертті көп адам байқай бермейді. Адамда күшті жөтел, қан түкіру немесе кеудедегі ауырсыну белгілері пайда болған тез арада дәрігерге көріну керек. Бұл аурудың алғашқы кезеңі болуы мүмкін.  Сондықтан еш шағымы жоқ адамдардың өзі скринингтен өтуі аса маңызды.

Диляра Хайдарова, ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ: «Қазір барлық емханаларда өкпенің рентген тексеруін тегін өтуге болады. Егер күмән туындаса – пациентке КТ-ға жолдама беріледі. Ал әрі қарай дәрігер қосымша диагностика: бронхоскопия немесе биопсия қажет пе – соны шешеді».

Онкологиялық орталығы бар көпсалалы аурухананың базасындағы сараптамалық диагностикалық орталық өткен жылы Қазақстан онкологтары қауымдастығының бастамасымен және AstraZeneca компаниясының қолдауымен ашылған болатын. Бүгінде ол қала тұрғындары үшін қатерлі ісікті ерте анықтауға және жоғары дәлдіктегі диагностикаға қолжетімділікті арттыратын маңызды орталыққа айналып отыр.

Нұргүл Жолымбетова