Ұзақ жолға шыққанда сапарласыңның жайдары, әңгімешіл болғаны жақсы. Әңгіме айта отырып, жол қысқарады. Әңгімесіне қарап, бүгінгі заманның ауанын байқастайсың. Аға буынның айтары қызық емес. «Заман тыныш еді. Өкіртіп ішетінбіз. Нормасын орындап тастадық қой… Кезінде өйтіп едік, бүйтіп едіктен…» арыға аспайды. Ал кейінгі толқынның әңгімесі қызығырақ. Оларды не толғандырады, не қызықтырады?..
Тілегім тез қабыл болғандай, сапарласым жасы жиырманың о жақ, бұ жағында екен. Тым заманауи тәрбие көрген деуге келмес, бойынан қазақылық есіп тұр. Атасы мен әжесі тұңғыш немерелері болған соң, өбектеп өсірмей, ақыл дарияға кенелткені көрініп тұр. Мақамдап сөйлегені ұнады. Болашақ туралы, қазіргі жастардың ермегі туралы біраз әңгімеге қанықтырды. «Бүгінгі жастар ішпейді деп қуанасыздар ғой. Есесіне олар шегеді. Шеккенде де жеңіл желпісін емес, өте ауырын. Әр заманның өз қайғысы болады ғой. Бұрынғылар бөтелкеден күйсе, бүгінгілер бұрқырағаннан күйіп жүр. Яғни, атауынан адам адасатын есірткінің неше атасының дәмін көруде. Бұл құрдым. Қатарластарымның бір рет қана көремін дегені мәңгілікке ауысып, сол құрдымның құрбаны болғандары көп. Арақтан емделуге болады ғой, ал мына тажалдың қақпанынан құтылу мүмкін емес… Одан кейінгісі бүгінгі жастарды ештеңемен таңқалдыра алмайсың. Жаңа дүниені көргенімен тез жалығады. Ештеңе қызықтырмайды. Бүгінде бәрі әлеуметтік желіде отыр… Үңілу… Түңілу… дейсіздер ғой. Бұл да ертеңгі күні қалады. Ол да қызықтырмайтын болады…
Одан кейін тойға баратындардың ең соңғы толқыны біз болатын шығармыз. Той осымен тоқтайтын шығар деген ойдамын. Өйткені бүгінгі жастар тойға бармайды. Қазір ата-әжелеріміз, әке-шешеміз туған-туыстың той-томалағынан қалмайды ғой. Олардың көзі кеткен соң туған-туыстың қуанышына ортақтасуды парыз санайтындардың легі шектеледі. Нағашыңның, бөлеңнің, досыңның тойына бармаған соң олар сенің тойыңа келе ме? Әрине келмейді. Осылайша той десе делебесі қозып тұратындарды таппай қаласыз. Той дарақылық деп аузы көпіріп жүргендердің тіліне осылайша тұсау салынады-ау. Бүгінгі жас толқын тойға бармайтын, қызықпайтын болған соң сонымен нарықтың заңы орнайды. Сұраныс болмаған соң ұсыныс та болмайды». Жап-жас болса да көшелі әңгіме айтып отырған оның мына сөзі мені расында терең ойға батырды. Бұрынғыдай туған-туысты іздеп барып, қона жату бүгінде қалып барады ғой расында. Ағайынның басы тек тойда қосылатын еді, енді ол да тоқтайтын болса … не болмақ?!
Г.Жұмаш

