Биыл жыл басында құлаған Түркістан облысы Созақ ауданында орналасқан «Ақбикеш» немесе «Ақсүмбе» мұнарасының түпнұсқалық, яғни тарихи құрылымы толық сақталған. Бұл туралы «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны хабарлады. Кәсіпорын дерегінше, тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми зерттеу жүргізіліп, қорытындысы шыққан.
«Ескерткішті одан әрі сақтау мақсатында мұнараның контурын ішінара қайта жаңғыртуды және консервациялық жұмыстар жүргізуді көздейтін жобалық шешім әзірленді. Мұндай тәсіл реставрацияның белгіленген әдістеріне толық сәйкес келеді»
«ҚАЗҚАЙТАЖАҢАРТУ» КӘСІПОРНЫ
Кәсіпорын мәліметінше, мұнараның барлық сыртқы беттеріне консервациялық сылақ қолдану қажет. Бұл мұнара материалын одан әрі бұзылудан қорғауға мүмкіндік береді. Консервациялық сылақтың негізгі қызметтері ылғалдан, желден, аяз әсерінен болатын бұзылудан, шаңнан, тұздан, жаңбыр мен қардан қорғайды.
Сонымен қатар, әлсіреген материалдарды тұрақтандырып, мұнара құрылымын нығайтады және материалдың үгітілуіне жол бермейді. Қазіргі уақытта «Ақбикеш» мұнарасына мониторинг орнатылған. Оның нәтижелері талданып, соның негізінде ескерткішті одан әрі сақтау бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады.
Дилара Иса

