Сұлулықтың әуре сарсаңы. Әйелдер қауымы қашан да әдемі, сұлу болып көрінгісі келеді. Бұл оларды түрлі «құйтырқылықтарға» итермелейді. Соның бірі, қазір қанатын кеңге жайған, сұраныстағысы – ботокс процедурасы. Алайда кейде сұлулық қуамын деп жүріп, сот залынан қалай шыққаныңды білмей қалуың мүмкін.
Кейіпкеріміз Арай ботокстың құрбаны. Сұлулықтың соңынан қуған ол соттан бірақ шыққан. Арай сотқа өзіне сәтсіз ботокс жасаған косметологты беріпті. Астана қалалық азаматтық істер бойынша ауданаралық соты клиент пен косметолог арасындағы дауды қарастырды…
Арай косметологиялық орталықтың жарнамасы бойынша «модель» болуға келіседі. Жеңілдік науқанына сәйкес, ол тек жұмсалған материалдың ақысын – 175 мың теңге төлейді.
Алайда араға күн салып, өзін нашар сезінген Арай дәрігердің көмегіне жүгінді. Дәрігер бұлшық еттің зақымдануы, еріннің асимметриясының бұзылуы және көгеру қорытындысын шығарып береді.
Арай косметологтың сапасыз әрі сәтсіз жасаған жұмысынан физикалық және моральдық стресс алғаны үшін сотқа шағымданады. Ол материалдық шығын мен өзіне келтірілген моральдық төлемді талап етті.
«Жауапкер пен талапкердің арасында ақылы медициналық қызмет туралы жазбаша келісімшарттың болмағаны анықталды. Одан бөлек жауапкердің ісі заңсыз деп танылды. Себебі оның қызмет түрін көрсетуге де қолданған материалдарына да рұқсат қағаздары болмаған»,- делінген іс материалдарында.
Нәтижесінде сот талапкердің талап-арызын қанағаттандырды.
Жауапкер талапкерге материалдық және моральдық шығындары үшін 50 мың теңге төлейтін болды.
Айжан Ермекқызы,
«Оңтүстк Рабат» газеті, №51

