Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 34 жыл толып отыр. Бұл мереке елдің еркіндігін, халық рухының биіктігін еске салады. Осы күнге жету жолында құрбан болғандарды ұмытпау – бүгінгі бостандығымызды қадірлеуге ғана емес, болашақтың жарқын болуына да жол ашады.
Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан. Бертін келе Қайрат Рысқұлбеков. Тәуелсіздік жолында тағдырын қиған тұлғалардың есімі осы музейде сақтаулы. Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған бөлімде сол бір отты күндердің шындығы мен жас ұрпаққа қалған аманаты жатыр.
Бұл 2001жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай салынған «Саяси қуғын сүргін құрбандары» музейі. Өткен ғасырда жазықсыз жазаға ұшыраған ардақты азаматтардың оқиғасын еске салатын, еліміздегі алғашқы ашылған тарихи орталық. Желтоқсан айының ортасында бұл орында келушілер саны әдеттегіден әлдеқайда көбейеді. Солардың бірі — Мират Төлегенов. Ол бүгінгі еркін жастардың өміріне негіз болған тұлғалардың батылдығына тәнті болдым дейді.
МИРАТ ТӨЛЕГЕНОВ, СТУДЕНТ: «Көрмедегі фотосуреттер, мағлұматтар біз үшін жаңағы 1986 жылдың желтоқсанындағы суық оқиғасына оралғандай болдық. Сондай сезім келді. Біз үшін, еркін өмір сүруіміз үшін өздерінің жандарын берді. Осылай қуатта, шаттықта өмір сүруіміз үшін енді бұл кісілерге әрине де алғысым шексіз».
Тарихты сөйлетсек… Деректерге сүйенсек, ел билігіне ұлттың тыныс тіршілігінен хабардар адамның келуін талап еткен жастарды қарулы күзет жаншуға кіріседі. Нәтижесінде 300-ге тарта адам жұмыстан қуылып, 300-дей студент оқудан шығарылып, 96 адам қамауға алынған. Тіпті 2 студент ату жазасына да кесілген. Мамандардың сөзінше көтеріліс жайлы құжаттардың көбі құпия. Сондықтан оқиға жайлы деректі жинау да ұзақ уақытты қажет еткен.
ДАРИҒА ЖАРМҰХАМЕДҚЫЗЫ, МУЗЕЙ ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ: «Музейге ең алғашқы кірген қызметкерлер осы құжаттарды жинақтауға шамамен 15 жылдай уақытын жұмсаған. Яғни, құжаттарды ждинаудың өзі оңай болған жоқ. Олар Ресей, Өзбекстан архивтерінен іссапарларға барып осы құжаттарды жинақтаған болатын
Тарих-күретамыр. Өткеннен нәр алу болашаққа бағдар жасап, алдағы күнді жарқын етеді.
Ботакөз Әнуар






