Úı ANONS Ғимараты ескірген емханалар сенімгерлікке беріледі

Ғимараты ескірген емханалар сенімгерлікке беріледі

Шымкент қаласындағы мектептерде 15 стоматологиялық кабинет ашылды. Келер жылы тағы 25 кабинетті іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков брифингте мәлімдеді. Ал қаладағы қандай емханалар сенімгерлікке беріледі? Денсаулық сақтау саласында тағы қандай өзекті мәселелер бар?

Биылдан бастап Шымкент қаласындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер жұмыс істей бастады. Ағымдағы жылы білім беру ұйымдарында 15 тіс емдеу кабинеті ашылса, 2026 жылы тағы 25 стоматологиялық кабинетті іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков мәлімдеді. Сондай-ақ, қаланың бас дәрігері ғимараты ескірген емханалар мәселесін шешу мақсатында төрт медициналық ұйым сенімгерлік басқаруға берілетінін мәлімдеді.

Қайрат Қалибеков, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Қаламыздағы №4, №9, №10 және №11 емханаларды сенімгерлік басқаруға беру жобасын іске асыру жоспарда бар…»

Белгілі болғандай биыл медициналық ұйымдарға жасанды интеллект негізіндегі 4 жоба енгізілген. Бұл жүйелер қатерлі ісік, инсульт, өкпе және жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтауға, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді дейді Қайрат Жақыпұлы.

Қайрат Қалибеков, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Радиологиялық қызметті жетілдіру үшін PACS және “Cerebra” жүйелері іске қосылды. Бұл инсультті ерте анықтап, күрделі оталарды жедел жоспарлауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, кадрлық басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа мен клиникалық шешімдерді қолдайтын PULS AI жүйесі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнежетондармен пилоттық жоба жүзеге асырылуда»

Айта кетейік, жыл басынан бері шетелден келген 142 азаматқа  медициналық көмек көрсетілді. Ал 11 айдың қорытындысы бойынша шымкенттік дәрігерлер 1 140 жоғары технологиялық ота, оның ішінде 100-ден астам нейрохирургиялық және 350-ден астам кардиохирургиялық ота жасаған.

Лаура Мамырова