Құқықтық тәртіп әскерінде асыл тұқымды қызметтік иттердің саны артуда. Биылдың өзінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығында асыл тұқымды 42 күшік дүниеге келді. Олардың ішінде бельгиялық, голландық және неміс овчаркалары бар. Бұл күшіктер ел тыныштығын күзетету мақсатында жауынгерлік қызметке үйретілетін болады.
— Алғашқы 45 күнде күшіктер енесінің сүтімен қоректенеді, кейін құрғақ азыққа көшіріледі. Одан соң оларды қоршаған ортаға бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Үш ай толғанда түрлі кедергілер алаңына шығарылады. Бұл кезде олардың есту дағдысын дамыту маңызды, сондықтан әрқайсына есім беріледі. Кейін “отыр”, “тұр”, “жат” секілді пәрмендер үйретіледі. Бұдан кейін тапсырмалар күрделеніп, иіс арқылы зат іздеу кезеңіне өтеді –, деді кинология орталығының офицері майор Жантөре Мендиоразов.
Айта кетейік, күшіктерді күтіп-баптау ҚР ІІМ Ұлттық ұланында тұқымды асылдандыру жұмысын ұйымдастыру жөніндегі басшылық бұйрық негізінде жүзеге асырылады.







