Úı ANONS Механикалық жүрек өмірді ұзартуға мүмкіндік береді

Механикалық жүрек өмірді ұзартуға мүмкіндік береді

Шымкенттегі «Жүрек орталығында» жүрек ауруының ауыр түрімен күрескен науқастарға заманауи технология көмегімен күрделі операциялар жасалды. Дәрігерлер механикалық жүректің құрылымы мен жұмыс қағидатын таныстырып, емделушілердің қазіргі жағдайын айтты.

Жаңа жыл алдындағы нағыз ғажайып. 55 жастағы Толқын Мамметов өз өмірін сақтап қалған күрделі операцияны осылай атайды. Ол ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, бес сағаттық күрделі отаны өткерді. Бүгінде науқасқа механикалық жүрек қолдауы орнатылып, құрылғымен өмір сүруді үйреніп жүр.

ТОЛҚЫН МАММЕТОВ, НАУҚАС: «Отадан кейін өзімді өте жақсы сезініп жүрмін. Отаға дейін қатты ентігіп, дем жетпей қиналатынмын. Ал операциядан кейін, еркін отырып, тұрамын. Жаңа жыл қарсаңында үйге шықсам, бұл мен үшін үлкен қуаныш болар еді»

2021 жылдан бері Шымкенттегі «Жүрек орталығында» ауыр жүрек ауруларына шалдыққан науқастарға бірегей жоғары технологиялық ота жасалып келеді. Осы уақыт ішінде дәрігерлер жүздеген адамның өмірін құтқарды. Қазір медициналық мамандар заманауи емдеу әдістерін пайдаланып, ең күрделі науқастарға көмек көрсетіп келеді.

АЙНАШ БАЛАБЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СОЗЫЛМАЛЫ ЖҮРЕК ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ҮЙЛЕСТІРУШІ: «Бұрын науқастар жүрек жетіспеушілігіне шалдыққанда және оны терминалды сатысына дейін жеткізгенде, олар өмірден өтіп кететін. Үйге шығып, қайтыс болатын. Ал қазір біз осындай науқастарға көмектесе аламыз. Нақты айтқанда, олардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береміз»

Бұл палатада отадан кейін тағы бір күрделі науқас емделіп жатыр. 60 жастағы ер адамға операция екі кезеңде жасалған. Жүрегі нашар болғандықтан, оған қан айналымын механикалық түрде қолдайтын құрылғы орнатылыпты.

ТЫНЫБЕК САПАРОВ, КАРДИОХИРУРГ ДӘРІГЕР: «Операцияның бірегейлігі сол, науқаста жүрек жетіспеушілігінен бөлек аортаның жетіспеушілігі бар, сонымен қатар көтеріңкі аортада аневризма анықталған. Бұл жоғары технологиялық араласуды талап ететін жағдай еді. Бізде алғаш рет осындай ота жасалды — мұнда комбинирленген операция өткіздік»

Бүгінде қос науқас та сауығып келеді. Дегенмен, Жаңа жыл түнін олар дәрігерлердің қадағалауында өткізеді. Мұндай операциялар орталық мамандарының жоғары біліктілігін және заманауи кардиохирургияның ең күрделі жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудегі мүмкіндіктерін айқын көрсетеді.

Лаура Бабас