Úı ANONS «Ордабасы» футбол клубы жекеменшікке өтеді»

«Ордабасы» футбол клубы жекеменшікке өтеді»

Биыл сын садағына жиі ілінген шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы жекенің қолына өтетін болды. Әзірге клубқа кім иелік ететіні беймәлім. Клубтың ендігі тағдыры не болмақ?

2026 жылы шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы жекенің меншігіне өтеді. Бұл туралы жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлім етті. Оның сөзінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жүзеге асырылады.

Сәрсен Құранбектің пікірінше, бұл мемлекеттің сілтеуімен кәсіпкерлердің туристерді тартуына сеп болады. Футбол клубтарын жекешелендіру Қазақстанда да тәжирибеде бар. Оның нәтижесі де жаман емес.

Ресми өкіл «Ордабасы» клубын жекеге өткізу сатылап келгенін атап өтті. Енді заңмен бекітіліп жатыр. Бейресми мәліметке қарағанда, клубты кәсіпкер Серікжан Сейтжанов алуы мүмкін. Ел ішінде осындай гу-гу әңгіме тарағанымен, мемлекеттік органдар да, кәсіпкер де бұл ақпарат туралы әлі тіс жармады.

Айта кетейік, биыл «Ордабасы» футбол клубының төңірегінде дау, пікірталас көп болды. Әсіресе, қазан айында Қазақстан Кубогының финалында «Тобылдан» жеңілгеннен кейін «Ордабасы» футбол клубын сынға алғандар көбейді. Жанкүйерлер түбегейлі өзгерістерді талап етсе, сарапшылар клуб басшылығының отставкасы туралы жиі айта бастады.

2024 жылғы маусымға қатысу үшін «Ордабасы» қомақты қаржылай қолдау алған. Нақтырақ айтқанда, жергілікті бюджеттен — 4,3 млрд. теңге, демеушілерден — тағы 1 млрд. теңге. Жалпы сома 5 млрд. теңгеден асқан. Бұдан бұрын ел чемпионы атанған «Ордабасы» күтпеген жерден турнир кестесінде 8-орынға түсіп қалды.

Дилара Иса