Úı ANONS «Қиял әлемі» және «Кең бабаны» сүру жұмысы бітті

«Қиял әлемі» және «Кең бабаны» сүру жұмысы бітті

Шымкенттегі «Қиял әлемі» және «Кең баба» саябағындағы заңсыз салынған ғимараттар мен атракциондар сүріліп бітті. Енді оның орнына жаңа саябақ бой көтермек. Бұл үшін бюджеттен ақша бөлінбейді. Бәрі демеушілердің есебінен салынады.

Шымкенттегі Қиял әлемі саябағы сүріліп бітті. Оның орнына қандай нысан салынады? Тұрғындарға пайдасы бар ма? Бұрынғы саябақ неге бұзылды? Осы және өзге де сұрақтарға қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алдияр Мұсаев баспасөз мәслихатында баяндап берді.

Алдияр Мұсаевтың сөзінше, дәл осы саябақтың жаңа үлгісін жасау жоспарланған. Қазір құжаттандыру жұмысы басталған. Бұл үшін бюджеттен бір тиын ақша бөлінбейді. Қайта жаңарту ісі демеушілердің есебінен жүргізіледі. Қиял әлемінен бөлек, Кең баба саябағы да мемлекет меншігіне қайтарылған. Мұнда да артық ғимараттарды сүру ісі аяқталған.

Айта кетейік, 27 мамыр күні сот орындаушылары «Қиял әлемі» саябағындағы атракциондар мен ғимараттарды сүре бастаған. Бұған қала тұрғындары мен саябақта нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер мен олардың жұмысшылары қарсы шыққан еді.

Бұған дейін кәсіпкерлерге өз мүліктерін алып кету үшін 3 ай уақыт берілген. Саябақ аумағы 4 гектардан асады. Оның жұмыс істеп тұрғанына 25 жыл болған. Ал мемлекет 49 жылға жалға берген. Жалға беру уақыты бітпесе де қала әкімдігі былтыр жерді кері қайтарып алу үшін сотқа жүгінген. Барлық тараптардың уәжін жіті зерделеген сот әкімдіктің есебіне шешім шығарған болатын.

Дилара Иса