Шымкенттегі 8 жыл бұрын салынып, «апаттық жағдайда» тұрған №125 мектептің спорт залына кезекті тексеріс тағайындалды. Тексеріс ғимарат жөнделе ме, сүріле ме, соны анықтамақ. Ал бұл мәселені осыдан бірер ай бұрын айтулы мектептің ата-аналары көтерген болатын. Ал тағайындалған тексеріс туралы, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан №125 мектептің спорт залы әлі күнге жөндеу көрмей тұр. Бұл мектепте мыңнан аса оқушы білім алады. 4 жыл бұрын мектеп әкімшілігі спорт зал қауіпті жағдайда тұрғаны туралы тиісті мекемелерге хабар берген. Дегенмен оны жөндеу, не сүру туралы нақты шешім шықпай тұр.
2017 жылы пайдалануға берілген ғимараттың сиқы – мынау. Едені бұрынғыдан да шөгіп, қабырғалардағы жарықтар ұлғайған. Зал ішіне кіретін есік әрең ашылады. Оқушыларды мұнда кіргізбей, дене шынықтыру сабағы күн жылыда сыртта, салқындағанда сынып бөлмелерінде өтеді. Спорт залдың қабырғасы мектепке жапсарлас тұр. Зал сырты қоршауға алынған. Бұл аймаққа оқушылардың өтіп кетпеуін мұғалімдер күзетіп, қадағалап отыр.
ҒАЗИЗА ӘЛЖАНОВА, №125 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Қазір 3 жақты келісімшартқа отырдық. Жасайын деп жатыр».
Мектеп спорт залының жай-күйінен қала әкімдігі де таныс. Қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің сөзінше, зерттеуге 2 ай уақыт керек. Мәселе зерттеу қорытындысына сай шешіледі.
Ресми өкіл, бұл сараптама спорт залдың неліктен жарамсыз күйге түскенін анықтайтынын айтады. Және ары қарай не істеуге болатынын шешуге көмек береді.
Сәрсен Құранбек егер қателік мердігер компаниядан кеткен болса, сотқа тартылатынын, ал мектеп басшылығы жұмысына салғырттық танытса оларға қатысты шара көрілетін мәлімдеді. Бұған дейін, шілде айында спорт залдың қандай күйде тұрғаны туралы хабарлаған едік. Онда мектеп қызметкерлері зал едені 15 сантиметрге түсіп, қабырға жарықтары көбейгенін жеткізген.
Дилара Иса

