«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған құрамасында жаңа оқу кезеңі басталды. Осыған орай бөлімшелерді жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіру бойынша тактикалық-саптық сабақтар өткізілді. Аталған оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің кәсіби дағдыларын жетілдіру және бригада бөлімшелерінің тұрақты жауынгерлік даярлығын қолдауды мақсат етеді.
«Мен әскерге келмей тұрып бұл жақ қиын, қызықсыз болады деп ойлағам»
Бұл — осы көктемде әскерге аттанған ақтөбелік жас сарбаз Бердияр Қуатов. Ол бастапқыда әскери өмір өзіне таңсық әрі қызықсыз көрінгенін айтады. Алайда алты ай ішінде жас жігіт нағыз жауынгерге тән машықтарды бойына сіңіріп, қалыптасып үлгерген. Оның ең алғаш үйренгені – медициналық дайындық нормативі екен.
БЕРДИЯР ҚУАТОВ, МЕРЗІМДІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖҮРГЕН САРБАЗ: «Өзіміздің қарулас бауырларымызға ең бірінші үйреніп жатқан нормативіміз бойынша оларды қамтамасыздандыру. Мединицалық көмекпен. Және оларды жараланған жағдайда құтқару, соғыс уақытында оларға көмек беру. Оларға алғашқы медкөмек көрсету. Оқ тиген жерлерді таңу. Орау. Қалай көмектесетініміз туралы үйреніп жатырмыз»
Осы күзде әскери бөлімге келген жас сарбаздар да қару-жарақ пен әскери техниканың тілін тауып, оны іс жүзінде қолдануды үйреніп жатыр. Тактикалық-саптық дайындық кезіндегі «дабыл» да олар үшін үйреншікті дыбысқа айналған. Белгі берілген сәтте-ақ сарбаздар жедел жиналып, белгіленген уақытта сапқа келіп, өз міндеттеріне шынайы жауынгерлік жігермен кіріседі.
ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Іс-шараның негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің арнайы тапсырмаларды орындау қабілетін тексеру, сондай-ақ бөлімшелердің ұйымшылдығын, жеделдігі мен үйлесімділігін арттыру болды. Жеке құрам бөлімге толық жиналғаннан кейін, бөлімшелер марш жасап, белгіленген аумақтарда оқу-жаттығу міндеттерін орындады».
Бөлімшелердің дайындығы бақылау тобы тарапынан бағаланып, әрбір жаттығудың сапасына баса мән берілді. Командирлер далалық жағдайда тез шешім қабылдап, жеке құрамға айқын тапсырмалар берді. Штаттық қарумен жұмыс пен жауынгерлік нормативтерді орындау — сарбаздардың кәсіби шыңдалуындағы маңызды көрсеткіш ретінде ерекше назарда болды.
Лаура Бабас






