Úı ANONS Жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекетке қайтарылып жатыр

Жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекетке қайтарылып жатыр

Шымкентте бес жыл бұрын жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бүгінге дейін алғашқы болып қоныстанғандардың 576 баспанасы коммуналдық қорға өтті. Осылайша уақыт өте келе барлық пәтер қазынаға қайтарылмақ. Ал одан кейін бұл үйлерді мемлекет не істейді? Баспанасын тапсырған жастар қайда барады? Алдағы сюжетте айтамыз.

Шымкентте 5 жыл бұрын жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекетке қайтарылып жатыр. Еске салсақ, сол кездері 3800-ден астам баспана уақытша жалға берілген еді. Бүгінде бағдарлама мерзімі аяқталып, 576 үй коммуналдық меншікке өткізілген. Алайда кейбірі баспанасын босатпай отыр екен. Қазір оларды мәжбүрлеп шығару жұмыстары жүріп жатыр.

КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Қазіргі таңда босатылған пәтерлерден бөлек сот органдарында 314 пәтерді босату бойынша талап арыздар қаралуда. Олардың 266-сына сот шешімі шыққан. Яғни сот шешімі шығып, оларға ары қарай жылу маусымына байланысты келесі жылы тұрғын жайлардан шығарылатын болады»

Яғни жастарға уақытша берілген баспаналар түптің түбінде мемлекетке қайтады. Одан кейін бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған, мұқтаж азаматтарға табысталмақ. Ал тозығы жеткен пәтерлер алдымен жөндеуден өткізіледі.

КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А. «5 жылдың ішінде енді әр пәтер әртүрлі жағдайда болады ғой енді. Қазір біз соны зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті ремонт қажет ететін пәтерлерді ремонттап, әрлеп таза күйде кезекке тұрған азаматтардың арасында бөлінеді»

Алайда пәтерін босатқан жұмысшы жастар баспанасыз қалмайды. Мемлекет оларды басқа бағдарламалар арқылы қолдауды жалғастырып отыр. Қазіргі таңда 500-ге жуық жас маман несиеге тұрғын үй алып үлгерген.

КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А. «Шымкент қаласында 2023 жылдан бері Қамқор өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Яғни бұл азаматтар жұмысшы жастармен қамтылған азаматтардың басым бөлігі, жалдау мерзімі біткендер осы бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама арқылы 484 азамат несиемен қамтылған»

Бүгінде «Қамқор» өңірлік бағдарламасы бойынша 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазірге дейін оның 9,5 млрд теңгесі игерілді. Осы кезде бағдарлама арқылы үйлі болуға ниетті тағы 22 азаматтың өтінімі қаралып жатыр.

Лаура Бабас