Úı ANONS Еңбек нарығындағы орташа жалақы қанша?

Еңбек нарығындағы орташа жалақы қанша?

фото kz.otyrar.kz

Танымал жұмыс іздеу сайты өңірлердегі медиандық жалақыны жариялады. Ең жоғары көрсеткіш Астанада — шамамен 330 мың теңге. Алматыда медиандық жалақы 325 мың теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 8 пайызға өскен. Қарағанды 280 мың теңгемен үздік үштікке енсе, үшінші мегаполис 277 мың теңгемен төртінші орында тұр.

HeadHunter компаниясының мәліметі бойынша, бүгінде жұмыс іздеушілерге ұсынылатын жалақының орташа деңгейі 296 мың теңгені құрайды. Бұл — қызметкерлердің көпшілігі алатын нақты айлық табыс мөлшері. Жалақының өсуі экономикадағы өзгерістер мен білікті мамандарға деген сұранысқа байланысты. Сондықтан жұмыс берушілер тәжірибелі кадрларды ұстап қалу үшін тиімді жағдай жасауға тырысады екен.

МҰХАМЕД БАҒДАТҰЛЫ,«HEADHUNTER» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МАРКЕТИНГ ПЕН PR БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ: «2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 2 миллион 300 мың түйіндеме орналастырылған. Бұл көрсеткіш шамамен 2 пайызға азайған. Жалпы, жұмыс іздеушілер негізінен ірі қалаларда шоғырланған. Ең көп түйіндеме Алматыда тіркелген, ал резюмелерде ең жиі көрсетілетін қала — Астана. Сондай-ақ үздік бестікке Шымкент пен Қарағанды сияқты ірі қалалар да кіреді»

Елдегі бағаның өсуіне байланысты қазақстандықтар жалақыны көбейтуді жиі талап етеді. Бұл — сарапшылардың пікірі. Бірақ бизнес өкілдері қызметкерлердің кірісін күрт көтеруге дайын емес. Осылайша бұл әлеуметтік шиеленістің күшеюіне әкеледі.

АЛМА ЖАНДАУЛЕТОВА, «FMI PROFESSIONALS» РЕКРУТИНГ-АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Жалақыны көбейтуге деген талаптар жыл соңында жиілеп кетті. Бұл әсіресе, қаңтардан бастап қосылған құн салығының өсуімен байланысты болып отыр. Өйткені салық кодексі қатаңдап, жұмыс берушілердің салық жүктемесі артты»

Тәжірибелі және жоғары жалақы алатын кейбір мамандар өзін жұмыссыз ретінде тіркеп, еңбек нарығындағы тиімді ұсыныстарды күтеді екен. Осылайша бір бос орынға шамамен 4-5 үміткер келеді. Бұл еңбек нарығындағы бәсекелестіктің қалыпты деңгейде екенін көрсетеді. Сарапшылар осылайша кандидаттар арасында сау бәсекелестік қалыптасқанын атап өтті.

Лаура Бабас