Теңіз мұнай-газ кен орнында мұнай өндіру алдағы бір апта ішінде толық қалпына келтіріледі. Қазір Теңіз және Королевское кен орындарындағы жұмыстар екі күн бұрын ішінара қайта іске қосылған. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Айта кетейік, 18 қаңтар күні таңертең Теңіз кен орнындағы зауытта өрт шыққан болатын. Министрдің айтуынша, өндірісті қалпына келтіру нысанның күрделі технологиялық ерекшеліктеріне байланысты кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Онда әр түрлі қуаттағы шамамен 30 трансформатор жұмыс істейді, олардың басым бөлігі 110 киловольттық. Оқиға салдарынан үш трансформатор істен шыққан, олар аса маңызды жабдықтар қатарына жатады. Сондай-ақ, министр Eni, Shell компаниялары мен олардың серіктестері Қазақстанға 4 млрд долларға дейін өтемақы төлеуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікірін білдірді.
Әңгіме Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына қатысты халықаралық арбитраждық дауға байланысты болып отыр. Министр процестердің құпиялығына байланысты ақпаратты не растамады, не жоққа шығармады. Айта кетсек, 2023 жылғы 6 сәуірде Қазақстан үкіметі осы мұнай көздерін игеріп отырған серіктес компанияларға қарсы сотқа талап арыз берген еді.
Ерлан Ақкенженов, Энергетика министрі: «Телеграмда, ақпарат көздерінде жарияланған мәліметке қарағанда, Қазақстанға 2-ден 4 млрд долларға дейін қаражат төлеуі мүмкін. Бірақ бұл аралық шешім ғана. Не министрлік, не уәкілетті орган PSA ЖШС қарсы тараппен ешқандай келісім жоқ. Біз мемлекет мүддесін көздейміз және алға қойған мақсаттан таймаймыз».
Ербол Тұрымбет

