Шымкентте аялдамаларға 74 ақылды медиаборд орнатылды. Енді қала тұрғындары қоғамдық көліктердің келу, кету уақытын оңай бақылай алады. Бұл инновациялық құрылғылар қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтереді. Сондай-ақ, тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қажетті бағытты таңдауға мүмкіндік береді дейді мамандар. Алдағы уақытта қанша медиаборд орнатылмақ, алдағы бейнематериалда.
Қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған заманауи шешімдердің бірі, ақылды медиабордтар. Бұл инновациялық құрылғылар қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындар үшін жаңашылдық болып отыр. Олардың айтуынша, бұл жоба халық үшін тиімді.
Ақылды медиабордтардың басты ерекшелігі, автобустардың нақты келу уақытын көрсетеді. Енді тұрғындар аялдамада ұзақ уақыт белгісіздікпен күтпей, көліктің неше минуттан кейін келетінін дәл біле алады. Бұл өз кезегінде уақытты тиімді пайдалануға, күнделікті жоспарды дұрыс құруға және қажетті маршрутты алдын ала таңдауға көмектеседі.
Сонымен қатар медиаборд экрандарында қаладағы өзекті жаңалықтар, ауа райы болжамы, маңызды хабарландырулар мен тұрғындарға арналған пайдалы кеңестер үздіксіз көрсетіліп отырады дейді мамандар.
НАЗЫМ ЖАНБОЛАТОВА, ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Былтырғы жылдан бастап, қала бойынша медиабордтар қойылып жатыр. Жалпы алғанда 150 медиаборд қойылады деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 74 қосылып, халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр. 35 қосылу үстінде, 47 жинақталып жатыр. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, бірінші құрастырылады, сосын автобус диспетчеріне қосылады».
Осылайша ақылды медиабордтар цифрлық технологиялар мен қалалық өмірді үйлестіретін, уақытты үнемдеуге, ақпаратты жедел алуға және қаланың дамуына үлес қосатын маңызды инновациялық жоба болып табылады.
Нұргүл Жолымбетова




