Úı ANONS Қауіпті қалдықтар заңсыз көмілген

Қауіпті қалдықтар заңсыз көмілген

Келесі қаузайтын мәселе бірнеше жыл бойы шешімін таппай келе жатқан экологиялық жағдай. Қоғамдық белсенді 2023 жылы Ақсу өзеніндегі бір қазба алаңында мұнай қалдықтарының заңсыз жойылғанын анықтаған болатын. Зиянды қалдықтар санитарлық қорғау аймағында көмілген. Сондай-ақ қазба алаңының жанында Шымкент қаласының негізгі ауыз су көздерінің бірі — Ақбай‑Қарасу су жинау орны орналасқан. Ақпарат көпшілікке тарап, және соңғы екі жылда аталған орынға бірнеше тексеру жүргізіліп,сот отырысы өткізілді. 

«Карьерде машиналар жұмыс жасап, мұнай қалдықтарын көміп жатыр».

Қоғамдық белсендінің жанайқайынан кейін Шымкент қаласы экология департаменті мен Түркістан облысының арнайы табиғатты қорғау прокуратурасы жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде Қарамұрт ауылы маңындағы карьерде қауіпті мұнай қалдықтарын заңсыз көму фактісі анықталды. Мәселе сотқа жіберіліп, карьер иесі кінәлі деп танылды, айыппұл салынды және міндеттемелер жүктелді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Алайда Кәсіпкер бұл сот шешімімен келіспей, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсінген. Нәтижесінде, 2025 жылғы 21 тамыздағы №2а-960 санды сот алқасының қаулысымен жеке кәсіпкер Туламетов Жамшидбек Равшанбековичке ремедиация бағдарламасын әзірлеп, оны Түркістан облысы бойынша Экология департаментіне бекітуге ұсыну жөніндегі міндеттеме күшінде қалдырылды.

Осыған байланысты жеке кәсіпкер Туламетов Ж.Р. ремедиация бағдарламасын әзірлеп, оны орындау мақсатында Департаментпен 18.11.2025 жылы келісілгенін мәлімдейміз. Бағдарламаны орындау мерзімі 2026 жылғы 31 наурызға дейін белгіленген.

Қауіпті қалдықтарды жерлеу мәселесіне Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының филиалы да назар аударды. Әкімдік және тиісті орган өкілдерінің  қатысуымен экологиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылды. Жиында барлық жағдай талқыланып, қорытынды шешім қабылданды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ «AMANAT» ФИЛИАЛЫ
Көтерілген мәселені талқылауда облыстық экология департаменті және «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы тарапынан қалыптасқан жағдайға кәсіби тұрғыда бағалаулары жоқ екені айтылды. Экологияға келтірілген залал мен су қорына төнген қауіп жөнінде дұрыс бағамдаулар жүргізілмейтіні, шұғыл шаралар қабылданбайтыны, ремидиация және рекультивация бойынша қатаң талаптар қойылмайтыны қатты сынға алынды. Жиын қорытындысымен хаттамалық шешім қабылданып, оның орындалуын үйлестіруді «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы бақылауға алды.

Қауіпті қалдықтар жерленген қазба алаңы қазіргі уақытта бос жатыр. Қауіпті заттардың жер асты суларына ену қаупі төніп тұрса да, оны ешкім бақыламайды, ремедиация мен рекультивация жұмыстары да байқалмайды.

БАҒЛАН МАМАДАЛИЕВ,  «СУ РЕСУРСТАРЫ МАРКЕТИНГ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл аумақтардың санитарлық қорғауы облыс әкімінде және жергілікті атқарушы органдарда. Бұл жұмысқа «Арал-Сырдария» инспекциясы мен СЭС тартылуы керек, олар заңмен белгіленген арнайы ережелерге сәйкес бақылауды жүзеге асырады. Екінші санитарлық қорғау белдеуі ай сайын, үшінші белдеуі тоқсан сайын тексерілуі тиіс».

2026 жылдың 31 наурызына дейін кәсіпкер қазба алаңын тазалау және қалпына келтіру бойынша бағдарламаны орындауға міндетті. Біздің телеарна оқиғалардың қалай өзгеретінін қадағалап, көрермендерге аймақтың экологиясын және ауыз суын қорғау үшін қандай шаралар қабылданатынын хабарлап отыратын болады.

Ботакөз Әнуар