Бүгін Төрткөл ауылында Шымкентте пышақталып, қайтыс болған Нұрай Серікбайды туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Бар-жоғы 21 жасында кісі қолынан қаза тапқан оның жақындары әділдік іздейді, тергеудің бұрмаланбауын сұрайды. Ал полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ол қаладан 10 шақырым жерде болған.
Шымкентте қоғамдық орында бірнеше жерінен пышақталып, оқиға орнында қайтыс болған 21 жастағы Нұрай Сәрсенбайдың жаназасы бүгін Түркістан облысы Төрткөл ауылында шығарылды. Жаназаға ондаған адам жиналды.
Қаралы үйден шыққан жоқтау аза бойыңды қаза қылады. Балам, бауырым деген жұрттың қарасы қалың болды. Әп-сәтте көз алдында жүрген қызынан айырылып қалған ананың жайы тіптен қиын. Бірде есін білсе, бірде талып жатты.
Марқұмның туыстарының сөзінше, Нұрай Серікбай Алматыдағы архитектура мамандығы бойынша білім алып жүрген. Сессиясын жауып, қысқы демалысқа үйіне келген. Күдіктімен өткен жылдың жаз айында тойда танысқан. Көп өтпей жігіт сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Полицияның көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, қызының қауіпсіздігін қамту мақсатында арызданған. Бірақ қыз кешірім берген, күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткен. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамапты.
МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ: «Қыз бен жігіт таныс болған. Бірақ қыз бұл жігітті ұнатпаған. Қыз ата-анасына айтқан. Бір жігіт артымнан қалмайды. Телефоныма қайта-қайта звандайды деп. Телефонмен қорқытып, үркіткен. Подъездің алдында күтіп отырған қызды. Болмаған соң ата-анасы қалалық прокуратура мен полиция департаментіне арызданған. Бірақ прокуратура мен полиция ешқандай жұмыс жүргізбеген. Полиция жұмыс жүргізгенде, психолог шақырғанда мұндай қылмыс болмас па еді, адам өлімі болмас па еді деп ойлаймын».
Нұрай Серікбайды отбасы, қызымызды жан-жақты қорғағанмен, аман алып қала алмадық деп отыр. 11 қаңтар күні тәтті пісіру үшін дүкеннен ұн алуға шыққан оны үйін торуылдап жүрген күдікті ұстап алған. Кездесіп, сөйлесуге қарсылық танытқан бойжеткенді қуып жүріп бірнеше жерінен пышақтап, адам шошырлық жағдайда тастап кеткен. Жақындарының айтуынша, қыздың арқа тұсынан жеті рет пышақ сұғылған. Бетін тілген, мойнын осып жіберген. Жақындары марқұмның сүйегін мәйітханада жудырып, тіпті анасына көрсетпеуге мәжбүр болған.
ҒАЛЫМЖАН САҒЫМБЕК, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ: «Ежелгі дәстүріміз бойынша жуып, арулап шығарып салуымыз керек еді. Ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі ауыр жарақаттар салып тастаған. Бетін көріп, шошып кеттік. Ауыр жарақаттар. Арқасының өзіне 7 жерінен ұрған ғой».
Марқұмның жақындары бұл бір отбасының ғана емес, көптің қайғысы дейді. Олар мұны қасақана дайындалып келіп жасалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етеді.
АЙГҮЛ САҒЫМБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ: «Алтындай, сондай ақылды қызымнан айырылып отырмын. Толықтай жазасын алсын. Ату жазасын берсін. Өмір бойы сотталып кетсе де жаным ашымайды. Айуандықпен қызымды өлтірген адам. Ешқандай кешіруге болмайды».
Полиция бүгін таңда күдікті ретінде 28 жастағы жігітті Шымкенттен 10 шақырым қашықтан ұсталып, қамалғанын хабарлады. Оның үстінен “Адам өлтіру” бабымен іс қозғалған.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні кеште Шымкенттегі Қ. Төлеметов көшесі мен Т. Өтегенов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында 21 жастағы Нұрай Серікбайды кісі қолынан қаза тапқаны видеоға түсіп қалған. Ол оқиға орнында тіл тартпай мерт болды.
Дилара Иса






