Úı ANONS Саналы ұрпақ — болашақ кепілі

Саналы ұрпақ — болашақ кепілі

Түркістан облысының прокурорлары «Саналы ұрпақ – болашақ кепілі» тақырыбында студенттермен кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысқа жол бермеу, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған кездесуге 100-ден астам студент қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының заңнамасындағы негізгі талаптар, жастар жиі жол беретін құқық бұзушылық түрлері және олардың салдары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

АҚБҰЛАН АЛЖАНОВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: «Жастарымыздың құқықтық сауаты мен мәдениетін арттыруға бағытталған іс шара. Бұл жерде белең алып отырған қылмыстылық жағдай жөнінде, аулақ болуға, алдын-алу тәсілдері бойынша әңгіме айтылады».

Сонымен қатар, шара аясында қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты сақтау, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның маңызы, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері қозғалды. Прокурор жастарды заңды құрметтеуге, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс білуге және кез келген заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық диалогтар жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Нұргүл Жолымбетова