Úı ANONS Смарт-әжетханаға зиян келтіргендер анықталды

Смарт-әжетханаға зиян келтіргендер анықталды

Шымкентте заманауи технологиямен жабдықталған смарт-әжетханалар вандалдардың нысанына айналғандай. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін орнатылған бұл қоғамдық орындарға зиян келтіру деректері соңғы уақытта жиілеп барады. Осыған байланысты жоба авторлары біздің телеарнаға хабарласып, қала тұрғындарын қоғамдық әжетханаларды ұқыпты әрі мәдениетті пайдалануға үндеу жасады.

Сынған гүлдер, кәріз жүйесінің бітелуі, интерьердің бүлінуі – қоғамдық әжетханаларда кейбір келушілердің жасап жүрген әрекеттерінің бір бөлігі ғана. Жоба авторлары қаланың санитарлық жағдайын жақсартып, қоғамдық мәдениетті арттыруды мақсат еткен. Алайда олар материалдық шығынға ұшырап отыр. Бұл жолы белгісіз екі адам техникалық жабдықты бүлдіріп, сымымен қоса шаш кептіруге арналған фенді жұлып алып кеткен.

МИЛАНА ПЕРЕМИТИНА, «МИРАС ТАЗАЛЫҚ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ: «Күні кеше жобамызда жағымсыз жағдай орын алды. Белгісіз екі жас адам біздің смарт-әжетханаларымызға зиян келтірді. Олар жобаның дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет техниканы ұрлап кеткен. Бұл әрекет жобамыздың қызметіне кедергі жасап, кейбір жұмыстарды уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Біз бұл жағдай туралы полицияға хабарладық».

Қажетті арыз жазылған соң құзырлы орган өкілдері құқық бұзушыларды бір тәуліктен соң телефон нөмірлері арқылы тапқан. Ал полициядан хабар келген соң, 22 жастағы екі азамат өз еркілерімен полицияға келіпті. Олар оқиғаға қатысты екенін мойындап, келтірген залалды өтейтіндерін айтты.

«Мен жуынып жатып, байқаусызда фенді үзіп алдым. Және ол жерде ұрлау мақсат болған жоқ. Бізде ол жерді қалпына келтіреміз деп ойладық. «Мирас тазалық» пен әкімшіліктен кешірім сұраймыз».

2ші адам: «Және бұзылған заттың шығынын толық өтеуге дайынбыз».

Ал жоба координаторлары жастардың өмірін қиындатпау үшін арыздарын қайтарып алды. Айта кету керек, смарт-әжетхананың құны 50 миллион теңге тұрады. Қала тұрғындары мен қонақтарға бұл маңызды инфрақұрылым нысандарына жауапкершілікпен және ұқыпты қарауға кеңес беріледі.

Ботакөз Әнуар