«Аш адамды тамақтандыр!» Қасиетті Рамазан айында еріктілер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты. Акцияның басты мақсаты, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету, мұқтаж жандардың дастарқанына береке сыйлау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шараға жергілікті кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтар демеушілік танытқан.
«Добряки Шымкента» тобының еріктілері аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қуантты. Қасиетті Рамазан айы, мейірім мен қайырымдылықтың, сабыр мен шүкіршіліктің айы. Сондықтан, қаладағы еріктілер үйлерді аралап, көмекке зәру жандардың хал-жағдайымен танысты.
Сонымен қатар, ондаған отбасыға ұн, күріш, макарон өнімдері, қант, шай, күнбағыс майы және басқа да күнделікті тұтынатын азық-түлік жеткізіп берді. Осындай көмек алғандардың бірі, үш баланың әкесі Виталий Тернюк. Дәрігерлер оның миында ота жасауға келмейтін ісік анықтаған екен. Қазір үшінші топтағы мүгедек. Ол, аздай бір жыл бұрын пеш жағып жатқан кезде есінен танып құлап, ауыр күйік жарақатын алған. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, бала-шағасын бағып отыр.
ВИТАЛИЙ ТЕРНЮК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Үлкен қызым 19 да. Ол жұмыс істейді. Ортаншы қызым 14 жаста. Кішкентайым 6 жаста. Ауыр болса да, қайда барамыз. Өмір сүріп жатырмыз. Үйде ғана жұмыс істеймін. Бір жерге барып жұмыс істеу мүмкін емес. 45 мыңға пәтер жалдап тұрамыз. Есімнен танып құлаған соң, қиналып қалдым. Кейде жүрегім айнып тұрады. Рахмет көмектесіп жатқан адамдарға».
Игілік пен ізгілікті ту еткен еріктілер, Рамазан айында жасалған әрбір сауапты іс қоғамдағы бірлікті нығайтады деп отыр. Яғни, адамгершілік құндылықтарды арттырып, қарым-қатынасты нығатады дейді.
ИЛИЯРБЕК ИСМАИЛОВ, ЕРІКТІ: «Біз қажетті азық-түліктерді таратқан кезде адамдарды таңдамаймыз. Егер ол мұқтаж болса, барынша көмек беруге тырысамыз. Кейбіреулер үйсіз болады. Ол аш болуы мүмкін. Тіпті, адам тамақтанғысы келсе де біз оны тамақтандырамыз. Қазіргі таңда ,ораза ұстап жүрген жандарғада ауызашар уақытына қарай азық-түлік таратамыз».
Рамазан тек ораза ұстап, ауыз бекіту ғана емес, өзгеге жанашырлық танытып, көмек қолын созу дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан, қайырымдылық шарасы бір реттік көмекпен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта бұл игі шара жалғасын тауып, мұқтаж отбасыларды тұрақты түрде қолдауды жалғасады дейді.
Айта кету керек, «Добряки Шымкент» еріктілер тобы айына 150 — ден астам отбасыға қол ұшын береді.
Нұргүл Жолымбетова
