Шымкентте жауыннан кейінгі қалың қар жұртты әбігерге салды. Су басқан көшелер, аялдамалар, әсіресе сынған ағаштар, оның астында қалып қойған көліктер туралы шағымдар көп. Кеше кешке 10 жастағы баланың ағаш астында қалып, қайтыс болуы жағдайды адан әрі ушықтырды.
Кеше кешке Шымкенттегі 11 ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында 10 жастағы баланы денесі табылды. Куәлердің айтуынша, ойын баласы сабақтан соң үй алдындағы ойын алаңына барған. Ондағы ағаш сынып, баланы басып қалған. Баланың жансыз денесін әуелі аула тазалаушылар көрген. Олар жедел жәрдем шақырып, артынша полиция келген. Бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Марқұмның денесін полицейлер бүгін анасына берген.
Мәйітханадан шыққан анасы оқиға туралы қандай да бір пікір бермеді. Ал баланың денесін таңда жақындары Түркістан облысы Түлкібас ауданына алып кетті. Көршілерінің сөзінше, марқұм №36 мектепте білім алған. Бұдан бұрын құндақтаулы інісі шетінеген. Отбасында анасымен бірге өмір сүрген.
“Анасы түсте жұмысқа, бала аулаға ойнауға шыққан. Жанында бір бала болған дейді. Ағаш құлаған соң қорқып қашып кеткен. Ары-бері өткендер байқап, көмекке келген. Анасы дәрменсіз күйде, тыныштандыратын дәрімен отыр”.
Кеше түнде қала әкімдігі қайғылы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Қаралы үйге барлық қажетті көмек берілетінін хабарлады. Ал полиция аталған факті бойынша адам өліміне әкеп соққан қызметтік міндеттерге салғырт қарау дерегімен қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады.
«Ойын барысында кәмелетке толмаған бала қалың қар жиналған ағаштың бұтақтарын өзіне қарай тартқан. Нәтижесінде ағаш құлаған»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Шындығында Шымкентте жауын мен қар жұртты әбігерге салып қойды. Бұл жолы да суға толған көше, аялдамалар, бұтағы, тіпті тамырымен опырылып сынған, құлаған ағаштар, үзілген электр сымдары, бұдан бүлінген көліктердің фото, видеосын жұрт көптеп бөлісіп жатыр. Көлігі бүлінгендер қайда барып, жанайқайын кімге айтып, көмек сұрауды білмей дал. Тұрғындардың кейбірі құлаған ағаштар шірігенін, оны кесуге өтініш білдіргенімен, жергілікті әкімдік елемегенін жазды.
ЖӘНІБЕК НҰРЛАНҰЛЫ:”Осы желтоқсан көшесінің бойында автотұраққа көлігімді қойғанмын. Бір жарым сағаттан соң машинама отыруға барғанда көлігіме ағаш құлағанын байқадым… Өкілетті органдарға шағымданамын…. міндетті түрде”.
Қала әкімдігі тұрғындарға қалыптасқан жағдайға байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Қалалық білім басқармасы балалар мен ата-аналарға нұсқаулық та берді. Кей көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ойын алаңшалары да қоршалып жатыр. Қала әкімдігі сынған ағаштарды жинап жатыр. Әзірге қалада қанша ағаш сынып, көлік бүлінгені, кім қандай шығынға батқаны белгісіз.
Дилара Иса
