Úı ANONS Біржынысты неке: Заңнамалық шектеу енгізіледі ме?

Біржынысты неке: Заңнамалық шектеу енгізіледі ме?

Шымкентте Конституцияның жаңа жобасын насихаттау мақсатында кезекті жиын ұйымдастырылды. Оған Жұмабек Тәшенов университетінің ғылыми-сарапшылық қауымдастық мүшелері қатысты. Кездесу аясында жас буынға құжаттағы өзгерістер мен олардың маңызы кеңінен баяндалды.

Енді елімізде біржынысты некеге заң жүзінде рұқсат берілмейді. Демек Қазақстанда еркек пен еркек, әйел мен әйел заңды түрде отау құра алмайды. Себебі Жаңа Конституция жобасында неке «еркек пен әйелдің ерікті одағы» ретінде айқындалған. Бұл бастаманы Шымкенттегі жоғары оқу орындарының мамандары қолдап отыр.

ЖАНАР РЫСБЕКОВА, Ж.ТӘШЕНОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ВИЦЕ-РЕКТОРЫ: «Ол түсінікті конституция деңгейіне көтерген дұрыс деп есептеймін. Себебі ана ретінде, ҚР азаматы ретінде осы қоғамда болып жатқан түсініксіз жағдайдарды, біздің қанымызға тән емес жағдайларды конституция деңгейінде қорғап отыр. Мен сол үшін осы бапты қорғаймын»

Ал конституция жобасына енгізілген бұл өзгерістерге халық пікірі сан қилы. Бірі дәстүрлі құндылықтарды қолдап, біржынысты некеге үзілді-кесілді қарсы болса, екіншісі әркімнің өмірлік таңдауы өз еркінде болуы қажет деген ой айтады.

«Оған қарсымын негізі. Бір жыныстылардың некесіне. Өте дұрыс емес ол. Қазақи тұрғыдан болсын, діни тұрғысынан болсын»

«Өзі Алла сөйтіп жаратқан ғой бізді. Еркек пен әйел қосылуы керек деп. Екі жыныстың бірдей болуы дұрыс емес деп ойлаймын»

Бүгін осы және өзге де өзгерістер ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Олар жастарға Конституция жобасын таныстырып, енгізілген түзетулердің мазмұнын түсіндірді. Өз кезегінде жас буын да жаңа Ата заңдағы бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

ШҰҒЫЛА ИБРАХИМ, СТУДЕНТ: «Маған өте ұнаған өзгеріс ол — 21 баптағы цифрлық технологияларға байланысты. Егер біз бұрын өзіміздің құпияларымызды, достарымызбен, отбасымызбен алмасқан хаттарымызды біреу таратып жібергенде түрлі оқиғалар болып жатады. Тіпті қоғамдағы интернет буллинг кезінде де азаматтар өздеріін қорғай алмайтын еді. Ал осы өзгерістердің арқасында біз енді заңды деп танимыз. Біз өзімізді қорғай аламыз»

Айта кетсек, Әзірге бұл өзгерістер нақты күшіне енген жоқ. Олар тек жоба деңгейінде. 15 наурыз күні республикалық референдум өтіп, ел азаматтары бастамға қатысты өз таңдауын жасайды.

Лаура Бабас