Биыл қазақ поэзиясының дара тұлғасы, заңғар ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Осыған орай қалада оқушылар арасында «Жырлайды жүрек» атты байқау өтті. Сайыс барысында оқушылар Мұқағалидың өлеңдерін мәнерлеп оқып қана қоймай, ақынның сөзіне жазылған әндер де шырқалды. Көрерменге ұсынылған Мұқағали жырының рухы мен сырлы әлемі тілші материалында.
» Мына дүние, неге жатыр үндемей, Алаулатып тойдың шоғын үрлемей. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, Міне, шапан, міне атың, мін,-демей».
Бұл қазақ дейтін шыңның мұзбалағы. Еркін даланың ақиық ақыны — Мұқағали Мақатаев. Ол өзі кешкен 45 жыл ғұмырында ұлтының жүрегіне ене білген, халқының күйін қара сөзімен әрлеп жеткізе білген елінің маңдайына біткен біртуар жан. Сезімге толы шумақтары жұдырықтай жүректің қылын шертіп, көкірегі ояу жанның кеудесіне махаббат, отансүйгіштік сезімдерін еге білген ғасырының ғұламасы.
«Айналайын атамекен ақ мекен. Қандай қазақ іздеп сені тапты екен».
12 жастағы бұл бойжеткен де Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын жанымен сүйіп оны өзіне үлгі етеді. Айтуынша оның әр өлеңі адамға ерекше әсер етеді және тыңдағанда не шырқағанда тебіренбеу мүмкін емес.
АЙАРУ ТЕМІРБАЙ, №120 ЖОМ 7 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: «Мұқағалиді кішкентай күнімнен жақсы көремін. Басқа ақындарға қарағанда. Өлеңдері басқаша, ерекше. Және де сол себептен солардың арасындағы ұнаған «Туған өлке» деген әні бар. Мен өзім патриоттық әндерді жақсы көретін болғандықтан өзіме жаныма сол жақын болды».
«Жырлайды жүрек» байқауы ел үшін туған ердің артында қалған мол мұрасын ұлықтауды мақсат етеді. 21ші рет дәстүрлі түрде өткізіліпген сайыс 80 қатысушы ішінен іріктелген 46 өнерпаздар арасында тартысты өтті. Жоба авторы сөзінше де доданың мақсаты ақынның өмірмен өзектес, шынайы туындыларын өскелең ұрпақ бойына сіңдіру.
РАУШАН ПІРІМБЕТОВА, «ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК» БАЙҚАУЫНЫҢ АВТОРЫ: «Сөз құдіретін өскелең ұрпақтың бойына ұғындыру. Сондай-ақ олардың бойында адамгершілік, ізгілік,отансүйгіштік қасиетін дарыту. Яғни, ақынның поэзиясы, жалпы шығармашылығы адами болмысты кеңінен насихаттайды».
Айта кетейік, Мұқағали Мақатаевтың биыл 95 жылдық мерейтойы. Бұл иісі қазақ үшін айтулы мереке. Ал байқауға қатысушылар, жарыс қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ботакөз Әнуар
