Қазақстандықтар оңай олжа табамыз деп, алаяқтық схемалардың еріксіз сыбайласына айналуда. Әккі алаяқтар заңсыз әрекеттерін «ресми жұмыс» ретінде бүркемелеп, жұртты жеке банк карталары арқылы ақша аударуға көндіреді. Мұндай «қосымша табыстың» соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке соқтыруы мүмкін.
Өткен жылдың тамыз айында Шымкент қаласының 52 жастағы тұрғыны Екатерина Безрукова қосымша табыс іздеп, YouTube желісінен хабарландыру көреді. Оның айтуынша, жұмыс берушілер бәрі заңды болатынына сендірген: келісімшарт жасасуға, салық төлеуге уәде беріп, ал әйел өз кезегінде картасы арқылы ақша операцияларын жүргізуі тиіс болған.
ЕКАТЕРИНА БЕЗРУКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Олар маған бәрі заңды болады, тек ақша аударумен айналысасыз деді. Картаңызға ақша түседі, оны басқа шотқа жөнелтесіз, ал бір пайызы өзіңізде қалады дегесін сеніп қалдым. Тіпті, “бұл заңсыз емес пе?” деп сұрадым. Олар “біз сіз үшін салық төлеп отырмыз ғой” деп сендірді. Ал ақшаның қайдан келетінін сұрағанымда, адамдар валюта айырбастағысы келеді деп алдап соқты».
Арада бір ай өткен соң әйел алаяқтық схеманың құрбаны болғанын бір-ақ түсінеді. Карталары бұғатталып, киберполицияға шақырту алады. Ол жерде әйел алдымен жәбірленуші, кейін күдікті деп танылыпты. Бұл жағдай Екатерина Безрукованың психологиялық күйіне қатты әсер еткен. Кейіннен сот шешімімен ол, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге міндеттеледі. Енді оның жалақысының бір бөлігі сол шығындарды өтеу үшін ұсталып отыр.
ЕКАТЕРИНА БЕЗРУКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Адамдарға айтарым – мұндайға жоламаңыздар! Олар ірі компаниялардың атын жамылғанымен, бәрі жалған. Қазір бізді де алаяқ ретінде көреді, бірақ біз де алданған жандармыз. Зардап шеккен жандар үшін жаным ауырады. Енді не істерімді, бұл тығырықтан қалай шығарымды білмеймін».
Белгілі болғандай, қаскөйлер еліміздегі ірі компанияның атын жамылып, қазақстандықтарды «дроппер» ретінде пайдаланған. Яғни, олар алданған адамдардан түскен заңсыз қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру немесе аудару үшін делдал болған. Айта кетейік, өткен жылдан бастап Қылмыстық кодекске дроперлік үшін жауапкершілік қарастыратын арнайы бап енгізілді. Және қыркүйек айынан бері Шымкентте 7 дроппер тіргелген.
СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР: «Иә, адам мұның заңсыз екенін білмеуі мүмкін. Бірақ «заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағида бар. Сондықтан кез келген жұмысқа сақтықпен қарау керек. Оны әрине алдап соқты, ешкім бұл алаяқтық деп айтқан жоқ. Бәрі заңды, бәрі керемет деп сендірді. Енді барлығы түсінуі керек: мұндай схемалардың бәрі – заңсыз».
Алаяқтар жұрттың мұқтаждығын ақша жылыстатудың құралына айналдырған. Дроппер болу – бұл тек бұғатталған шот емес, бұл – қылмыстық іс. Ең сорақысы, схеманы ұйымдастырушылар көбіне шетелде отырғандықтан, жазадан құтылып кетеді. Сондықтан есіңізде болсын: Өзгенің ақшасын жеке картаңыз арқылы өткізу – түрмеге апаратын төте жол.
Ботакөз Әнуар



