Қаржы мониторингі агенттігі адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін темекі өнімдерін, яғни, насыбайды заңсыз дайындап, таратумен айналысқан топтың қызметін тоқтатылғанын мәлімдеді. Агенттік дерегінше, Келес және Ордабасы ауданынан 3 жасырын цехтың жұмысын әшкерелеген.
Өндіріс орнының аумағы 500 шаршы метрден асады. Онда күніне 20-ден аса адам жұмыс істеген. Заңмен тыйым салынған өнім Қазақстанның барлық аймағына жүйелі түрде таратылған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Заңсыз айналымнан 1 млн-нан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 млн. қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ өндірістік арнайы жабдықтар тәркіленді. Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 млн. дана бір реттік снюс мөлшерін өндіруге жеткілікті болған».
Сот заңсыз қызметтен түскен қаражатқа сатып алынған екі автокөлікке тыйым салуға санкция берген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Агенттік снюс, яғни насыбай құрамында никотин мен улы химиялық заттар бар екенін ескертеді.
Мамандар бұл тез тәуелділікке әкеледі, ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдайды, жүрек-қан тамыр аурулары мен улану қаупін айтарлықтай арттыратынын айтады.
Дилара Иса





