Сауран ауданында толассыз жауған жауыннан Жаңақорған өзенінде су деңгейі көтерілген. Кеше демалыс орындарына баратын топырақ жолды шайып кеткенімен бірге ауыл шетіндегі көпірді бұзып өткен. Бүгінгі жағдайды бақылау үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеров оқиға орнына барып, тұрғындармен кездесті.
Түркістан облысында нөсер жауын жұртты әлі де әбігерге салып жатыр. Айталық, Жаңақорған өзенінде су мөлшері шамадан тыс көбейіп, қатты ағыны Абай ауылы маңындағы көпірді шайып кетті. Әбүйір болғанда мамандар жедел әрекет етіп, өзен арнасының жан-жағын қазып тастап, ауылда болуы ықтимал су тасқынының алдын алды.
Әлі де арқаны кеңге салуға болмайды. Су тасқыны қаупі де жоқ емес. Өзендегі су да күндегідей емес. Ағыны қатты. Мұны ескерген облыс әкімі Нұралхан Көшеров бүгін оқиға орнына барды. Тұрғындармен кездесті.
“Шығын жоқ. Адам шығыны жоқ. Мал шығыны жоқ. Аллаға шүкір”.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, дәл қазір аймақта су нысандары мен өзен-көлдер тұрақты бақылауға алынған. Арнайы кезекшілік ұйымдастырылған. Мәселе толық бақылауда. Ал бұзылған көпір жөнделеді.
Айта кетейік, кеше Абай ауылында құтқарушылар 29 адамды эвакуация жасауға мәжбүр болды. Сауран ауданы аумағында жауын-шашыннан Жаңақорған өзеніндегі су деңгейі көтерілген. Су өзен арнасынан тасып, демалыс орындарының біріне баратын топырақ жолды шайып кеткен еді. Әкімдік жағдай бүгін тұрақталғанымен, мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Дилара Иса

