Úı ANONS Түркістан көшелерін су басты

Түркістан көшелерін су басты

фото ТОӘБҚ

Түркістан қаласында көшелерін жиналған жауын суынан тазалау әлі жалғасып жатыр. Бұл үшін арнайы мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ресми мәліметке қарағанда, 1 күннің өзінде мың текше метрден аса су шығарылған.

Соңғы күндері толассыз жауған нөсер жауыннан Түркістан қаласының көшелеріне су жиналып, ары-бері жүру қиындаған. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазып жатыр. Олардың айтуынша, әуелі жол бойындағы суағарлар толған. Артынан көшелерге жайылған. Әсіресе, базар маңын су басқан.

Тұрғындардың шағымын қала әкімдігі де растады. Әкімдік дерегінше, су жиналған аумақтарда шұғыл түрде тазалау және суды сорып шығару жұмыстары бүгін де жалғасып жатыр. Бұл үшін қырықтан аса арнайы техника мен жүзден аса маман тартылған. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жүр.

Ресми мәліметке қарағанда, кеше қаладан мың текше метрден аса су шығарылған. Сонымен бірге кәзір жүйесі жүргізілген көшелерде ақау пайда болған. Мамандар оны қалпына келтіріп жатыр дейді әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, жол жабындарын ретке келтіру және инженерлік желілердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету шаралары күшейтілген. Дәл қазір жауын-шашыннан кейінгі жағдайды тұрақтандыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарында.

Дилара Иса