Úı Jańalyqtar Эхинококкоз – алдын алуға болатын қауіпті дерт

Эхинококкоз – алдын алуға болатын қауіпті дерт

фото sar-vet.ru

 

Эхинококкоз – адам мен жануарларда кездесетін, эхинококк деп аталатын таспа құрт тудыратын қауіпті паразитарлық ауру.

Негізгі тасымалдаушысы – ит, қасқыр, түлкі сияқты жыртқыш жануарлар. Аралық иелері – қой, ешкі, сиыр, түйе, сонымен қатар адам да осы дертке шалдығуы мүмкін.

Жұғу жолдары Эхинококк адам ағзасына мына жолдар арқылы түседі:

  • Итпен ойнағаннан кейін қолды жумай, тамақтану;
  • Ластанған көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдаланғанда;
  • Мал сойғанда санитарлық ережелерді сақтамау кезінде;
  • Итке малдың ішкі ағзаларын (бауыр, өкпе) шикілей бергенде.

Белгілері Ауру бастапқы кезеңінде белгілерсіз өтуі мүмкін. Киста үлкейген кезде бауыр мен өкпе аймағында ауырсыну, әлсіздік, тез шаршау, тыныс алудың қиындауы, аллергиялық реакциялар байқалады.

Алдын алу шаралары Эхинококкоздың алдын алу үшін әрбір азамат мына қарапайым ережелерді сақтауы тиіс:

  1. Иттерге уақтылы құртқа қарсы дәрі беру (дегельминтизация).
  2. Итке малдың ішкі ағзаларын шикі күйінде бермеу.
  3. Қолды әрдайым мұқият жуу – әсіресе итпен ойнағаннан кейін және тамақ алдында.
  4. Жеміс-жидек пен көкөністі таза сумен жуу.
  5. Мал сою барысында ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтау.
  6. Балаларға жеке гигиенаны үйрету.

Қорытынды Эхинококкоз – қауіпті болғанымен, оның алдын алу қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау арқылы мүмкін. Әрбір отбасы өз денсаулығы мен қоғамның амандығы үшін жауапты екенін ұмытпағаны жөн.

 

К.А.Адырбаева,

Шымкент қаласы Абай СЭЭБ

Басшысы