Наурызнаманың онкүндігіндегі ең маңызды күндердің бірі — Шаңырақ күні. Бүгін — 17 наурыз, отбасылық құндылықтар мен әулеттің берекесі дәріптелетін күн. Осыған орай қаламызда мерекелік концерттер ұйымдастырылып, ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтті.
Қазақта «Шаңырағың биік болсын» деген бата бар. Бұл тек үйдің биіктігі емес, сол әулеттің мәртебесі жоғары, беделі үстем болсын деген тілек. Осындай дәрежеге жеткендердің қатарында Мусиловтар отбасы бар. 42 жыл отасқан олар бүгінгі шаңырақ мерекесіне орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға келген. Бүгінде 2 қыз 1ұлдан 10 немере сүйіп отыр. Отаудың отағасы бұл бақытты отбасының негізі бір-бірін түсіне білуде дейді.
ЗАТҰЛЛА МҮСІЛОВ: «Бір бірін түсініп сыйлай білуде шығар. Адамның адамгершілігі бір бірін түсіне білуінде».
Төрт онжылдықтан астам уақыт қол ұстасып келе жатқан жұптың өмір жолы тек жайлы күндерден тұрмаған. Тағдырдың сынағына мойымай, қиындықты бірге еңсеру — нағыз сабырлылықтың белгісі.
ӘЛИЯ АХАТАЕВА: «Бізде мысалыға үйленген соң 5жыл балалы бола алмадық. Сондай сынақ болды. Бізде үлкендеріміздің ақылымен бізде ажырасу болмады. Біз бір бірімізді қимадық».
Атаулы күнге арнайы ұйымдастырылған шарада күміс көмей әншілер ән шырқаса, білек түріп шыққан жастар үшін ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті.Қол күрес, арқан тартыс пен асық атудан өткен сайыстар мерекенің мерейін асыра түскендей.
Бүгінгі алаңдағы әрбір әуен, әрбір спорттық жеңіс — шаңырақтың тұтастығы мен елдің тыныштығына арналды.
Әр үй — жеке мемлекет. Оның өз ережесі, өз құндылығы және өзіндік тарихы бар. Расында, Отан отбасынан басталады. Сондықтан да Наурызнаманың онкүндігінде 17-наурыз — Шаңырақ күні деп бекітілді. Бұл күннің басты мақсаты — әр шаңырақтың іргесін бекітіп, отбасылық құндылықтарды ұлықтау. Өйткені, әр үйдің түтіні түзу ұшса, мемлекеттің де болашағы жарқын болмақ.
Ботакөз Ануар
