Úı ANONS Базарларды жаңғырту қарқын алды

Базарларды жаңғырту қарқын алды

Шымкенттегі жеті базарды жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Былтыр басталған жоба аясында Алаш, Самал және Жаңа Шаһар базарлары жаңартудан өтті. Ал қалған сауда орындар жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Оның ішінде үш базардың Алаш, Самал, Жаңа Шаһар базарларының жаңғырту жұмыстары 2024 ж аяқталған. Қалған 4 базарды Автонұр, Орталық Қырғы базар, Назым апа, Жабық базарларды жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған болатын»

Жауаптылар базардағы саудагерлерге алдын ала түсіндіру жұмысы жүргізілгенін айтты. Сөздерінше, жаңғырту кезеңінде кәсіпкерлер уақытша басқа орындарда сауда жасай алады. Ал жөндеу аяқталған соң, олар қайтадан өз орнына оралады екен.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл түсіндірме жұмыстары былтыр да жыл бойына жүргізіліп келген болатын. Осыған байланысты тұрғындар мен кәсіпкерлерден расталмаған ақпараттарға сенбеуді және ресми дерек көздеріне сүйенуді сұраймын. Бұны айтып отырған себебіміз, бізге айтылмады, түсіндіру жұмысы жүргізілмеді, біз бұл туралы білмей қалдық, тағы 1-2 жылға соза тұрыңыздар деген әңгімелер болып жатыр ғой»

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде Алаш базарындағы саудагерлерінің жаңғырту жұмысына қарсы шыққаны туралы ақпарат тараған еді. Тіпті олар наразылығын білдіріп, жолды жапқан. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған 6 кәсіпкерге айыппұл салды.

Лаура Бабас