Úı Jańalyqtar Білікті маманның басты ұстанымдары

Білікті маманның басты ұстанымдары

 

Әр адамның өмір жолында таңдаған мамандығы мен атқарған еңбегі ерекше орын алады. Адамның қоғамға тигізер пайдасы, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі оның еңбек жолында айқын көрінеді. Осындай өз ісіне адал, халық денсаулығын қорғау жолында табанды еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Динара Төлебайқызы Ташпулатова.

Динара Төлебайқызы 1987 жылдың 29 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол болашақ мамандығын медицина саласымен байланыстыруды мақсат етті. Осы арман жолында табандылық танытып, 2004 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түседі. 2010 жылы аталған жоғары оқу орнын «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша тәмамдап, дәрігер-гигиенист, эпидемиолог біліктілігін алады.

Еңбек жолын 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында санитарлық дәрігер қызметінен бастады. Жас маман алғашқы қызмет жылдарынан-ақ өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Кейін Төлеби ауданы бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы қызметін атқарып, жұқпалы аурулардың алдын алу мен санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жемісті еңбек етті.

2012 жылдан бастап ҚР ДСМ МСЭҚК ОҚО бойынша департаментінде еңбек етіп, эпидемиологиялық қадағалау саласында мол тәжірибе жинақтады. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдарында инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде бас маман қызметін абыроймен атқарды. Қоғам денсаулығын қорғау жолындағы маңызды міндеттерді жауапкершілікпен орындап, өз саласының білікті маманы ретінде танылды.

2019 жылдан бастап Шымкент қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінде қызметін жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне қарасты Абай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы қызметін атқаруда.

Динара Төлебайқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби біліктілігі жоғары, еңбекқор маман. Ол санитариялық талаптардың сақталуын бақылау, жұқпалы және паразитарлық аурулардың алдын алу бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Күнделікті қызметінде халықтың денсаулығын қорғау жолында маңызды жұмыстар атқарып, әріптестері арасында сыйлы, тәжірибелі маман ретінде танылған.

Еңбек жолындағы табандылық, кәсібіне деген адалдық және халық денсаулығына деген жанашырлық – Динара Төлебайқызының басты ұстанымдары. Осындай мамандардың қажырлы еңбегі қоғамның санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың амандығына қызмет етеді.