Úı ANONS Гүл сатушыларға арналған сауда орны ашылады

Гүл сатушыларға арналған сауда орны ашылады

Шымкентте гүл сатушыларға арналған сауда орны ашылмақ. Қалада арнайы дүңгіршектер салынып, кәсіпкерлер сол жерде гүл шоқтарын сатады. Мұны қала әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлім етті. Сонымен қатар, ол мегаполис көшелеріне егілген қызғалдақтардың жай-күйіне де тоқталды.

Шымкентте гүлге толы ерекше мекен ашылмақ. Астана шағынауданында «Гүлдер аллеясының» құрылысы басталды. Жауаптылардың айтуынша, бұл орын гүл сататын кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасап, қаланың ажарын аша түспек. Ал бастаманың өзі кәсіпкерлердің ұсынысынан туыпты.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Гүлдер аллеясының пайда болуы гүлді өсіру қызметін де дамытады деп отырмыз. Бұл әрине тұтас бір индустрия. Сауда ғана болып табылмайды. Өндірісті де дамытады. Халыққа да қолайлы болады. Эстетикалық жағынан үйлесімді қызмет көрсету орталығы болады деп отырмыз»

Қала басшылығы көшелерге көрік берген гүлдердің жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Еске салсақ, Наурыздағы қардан кейін миллиондаған қызғалдақ зақымданған еді. Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр екен.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Өткендегі қардың жауғаны, күннің аяқ астынан суытқаны бұл жұмыстарға әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ қазіргі таңда солардың витаминін беру бойынша, қалпына келтіру бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар тоқтамайды. Бұйырса биылғы жылы біздің қаламыз гүлге, жасыл желекке оранады деп күтіп отырмыз»

Айта кетсек, биыл шаһар аумағына 1 миллион 600 мың дана қызғалдақ егілген. Одан бөлек, 2 миллион біржылдық және 1,5 миллионнан астам көпжылдық гүл отырғызу жоспарланып отыр.

Лаура Бабас