Шымкентте «Кең баба» саябағының орнына жапондық үлгідегі жаңа бақ салынады. Былтыр мемлекет меншігіне қайтарылған аумақ биыл толық жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілмек. Сондай-ақ, «Көктем» базары маңындағы сүріліп жатқан сауда қатарларының орны да қоғамдық демалыс аймағына айналады. Қала билігі бұл жобалар шаһардың сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын айтады.
Шымкент қаласында «Кең баба» саябағы аумағы қайта жаңғыртылады. Еске салайық, нысан 2024 жылы жердің нысаналы мақсатта пайдаланылмауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Содан бері тұрғындар саябақтың болашағына алаңдап, оның орнына не салынатынын жиі сұрап келген.
Бұл сұраққа бүгін қалалық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында жауап берілді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайырдың айтуынша, аумақта жапон стиліндегі заманауи бақ бой көтереді.
Басқарма басшысының мәліметінше, құрылыс жұмыстарын «Би Ай Групп» компаниясы жүргізеді. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал «Көктем» базары маңындағы сауда қатарларының орны да бос қалмайды. Бұл аумақ абаттандырылып, ашық қоғамдық кеңістікке айналады. Мұнда тұрғындардың серуендеуіне және тынығуына қолайлы жағдай жасалмақ.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір кәсіпкерлер сауда нысандарының сүрілуіне қарсылық білдірген еді. Олар бұл мәселеге сот нүкте қоюы тиіс деп есептейді. Қала әкімдігі барлық жұмыстар заң аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жалпы, жоспарланған жобалар мегаполистегі жасыл аймақтарды көбейтіп, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді.
Дилара Иса


