Úı ANONS «Майор мырза-2» шығады

«Майор мырза-2» шығады

Наурыз айында «Майор мырза» сериалының екінші маусымы жарыққа шықпақ. Бұл жаңалық сериал актерлерінің Шымкент қаласындағы жанкүйерлерімен кездесуінде белгілі болды. YouTube желісінде 3 миллионнан астам қаралым жинаған туындының жаңа маусымы жайлы тілшіміз тарқатады.

Қылмыскерден Майор мырзаға айналған Талғат Қылидың оқиғасы мұнымен аяқталмайды. Комедия жанрындағы сериалдың екінші маусымы көрерменге жол тартпақ. Көпшіліктің ықыласына бөленген отандық телехикаяның жаңа бөлімінен не күтеміз? Оқиға қалай өрбиді?

Сериал желісі аяқ астынан майор атанған Талғаттың шытырман оқиғасына негізделген. Бастапқыда «ақша болса – бәрі болады» деп есептеген кейіпкер уақыт өте келе ақшаның қолдың кірі екенін, өмірде бағасы қағазға сыймайтын құндылықтар бар екенін түсінеді. Құқық саласынан хабары болмаса да, ол өз тәсілімен қылмыстарды ашып, жергілікті тұрғындардың да, көрерменнің де ықыласына бөленеді.

«Басты геройдың лидерлік қасиеті ұнады. Сол қасиетін өзіме алғым келеді».
«Шынымен майор болып кетсе деген. Сол қалпында қалып кетсе деген, өйткені ол заң бұзды емес пе?»
» – Нышанбек ағаның актерлігімен ұнады ғой. Сол кісі алып шықты ғой фильмді».

Иә, Талғат Қылидың рөлін кейіпкер болмысын аша білген, харизмасымен көпшілікті өзіне тартқан дарынды актер Нышанбек Жұбанаев сомдайды. Оның айтуынша, екінші маусым ерекше болмақ.

НЫШАНБЕК ЖҰБАНАЕВ, АКТЕР: «Менің кейіпкерімнің де өзінің драматургия жағынан үлкен өзгерісі бар. Сол жағынан қызықты болады деп ойлаймын көрерменге».

Сонымен қатар жобаға «Келінжан» сериалы арқылы танылған Нұргүл Мыңғатова мен «Рауза» телехикаясымен белгілі Роза Мұқатаева да қайта оралады. Бұдан бөлек, жаңа маусым тың кейіпкерлермен толықпақ.

БЕКСҰЛТАН ҚАЗЫБЕК, ПРОДЮСЕР: «Оны құпия сақтайық. Танымал 2 актер қосылады. Оның бірі қыз және жігіт. Бірақ қыздың рөлін ерекше алып кеткен адам деп айтайын».

Жоба авторлары үшінші маусымды түсіру жоспарда бар екенін айтады. Егер көрермен сұранысы жоғары болса, толықметражды фильм де түсірілуі мүмкін. Айта кетейік, «Майор мырза 2» сериалын тек «Юнико Плэй» платформасынан көруге болады. Бұл — «Қара бекіре», «Таргет» секілді танымал туындыларды түсіріп, көрерменге ұсынатын онлайн кинотеатр.

Ботакөз Әнуар