Бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді әлдилеген әдемілер мерекесі, 8 наурыздың келуіне де бірер күн қалды. Ауа райының құбылып, жауындатып тұрғанына қарамастан көпшілік көтеріңкі көңіл күймен мерекеге дайындықты бастап кеткен.
Мұнтаздай таза көшелерден құшағы гүлге толып, күлімдеп кетіп бара жатқан аруларды да байқауға болады. Таза көше демекші… Қала көркіне көрік қосып тұрған бұл еңбектің артында кім тұрғанын көп адамдар байқай бермейді. Әрине, бұл тазалықшы нәзік жандылардың табандылығы мен жауапкершілігі. Олар қашан қарасаңыз да бір қолына күрегін, бір қолына сыпырғысын ұстап аумақты тазалап жүреді.
Таңмен таласа оянып, тынбай еңбек етіп нәпақасын тауып жүр. Осындай қарапайым еңбек иелерін, яғни «Тазалық сақшысы» деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық аяулы жандарды редакция ұжымы мерекемен құттықтады.
Қоқыстарды жинап, жапырақтарды сыпырып, көшелерді ретке келтіру бұл азаматшалардың күнделікті еңбегі. Олардың бірі, 4 баланың анасы Алмагүл Нұрсаидова. Ол талай жылдан бері қаланың тазалығы үшін жан салмай еңбек етіп келеді. Бүгінде осы адал еңбегінің арқасында ұлын-ұяға, қызын қияға қондырып, екі немере сүйіп отыр. Әрбір жұмыстың қиындығы бар, бірақ қаланы таза ұстау мен үшін үлкен жауапкершілік дейді.
АЛМАГҮЛ НҰРСАИДОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Осы жұмысқа келгеніме 6 жыл болды. Осындай коллективім бар. Осы жерде бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып қаланың тазалығы үшін жұмыс істеп жүрміз. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық дейді. Қаланың тазалығына үлесімізді қосып, бала шағаны бағып жатырмыз. Ешқандай жұмыстың ұяты жоқ. Адал табысымызға шүкір дейміз. Осы жұмыстың арқасында. Бала шағамды бағып, немере сүйіп отырған жайым бар».
Қала тұрғындары таза көшелермен жүріп өткенде, көбіне бұл еңбектің артында кім тұрғанын байқамай жатады. Ал шын мәнінде, бұл нәзік жандылардың табандылығы мен жауапкершілігінің көрінісі. Олар таңмен таласа жұмысқа кірісіп, қаланың тазалығы үшін аянбай еңбек етеді. Бұл жандар қоғамда көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды қызметін атқарып жүрген еңбек адамдары.
Нұргүл Жолымбетова
