«Бұлақ көрсең, көзін аш!». Халқымыздың осы бір даналық қағидасы бүгінде жаңаша сипат алып, жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Сайрам ауданындағы еріктілер үш ғасыр бойы жер астында бұғып жатқан көне су көзін тазартты. Наурызнама онкүндігіндегі «Тазару күнінен» бастау алған экологиялық акция аясында алдағы уақытта да осындай 1,5 мың бұлақ тазартылмақ.
Үш ғасыр бойы жер астында бұғып жатқан көне су көзі қайта жаңғырды! Сайрам ауданында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары басталған. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер XVII-XVIII ғасырдан бері келе жатқан тарихи нысанды қоқыс құрсауынан арылтты. 3,5 гектар аумақты алып жатқан бұлақ көзін тазарту — жай ғана сенбілік емес. Бұл —«Мөлдір бұлақ» акциясы аясында, су тапшылығының алдын алу үшін стратегиялық нысандарды түгендеуге бағытталған қадам.
НҰРЛЫБЕК СӘРСЕНБИЕВ, АҚБҰЛАҚ АУЫЛ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «Бұл іс-шараның негізгі мақсаты қоршаған ортаны қорғау, табиғатты таза ұстау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, әрбір азамат туған жерінің тазалығына жауапты екендігіне сезіндіру. Ауылымыздағы мөлдір бұлақ іс-шарасы аясында бұлақтар,өзендер,қоқыстан тазартылуда. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетін болды».
Экологиялық қозғалысқа қазірдің өзінде 4 мыңға жуық адам тартылған. Оның ішінде ерікті жастардың белсенділігі ерекше байқалады. «Мөлдір бұлақ» акциясының алғашқы кезеңі Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласын қоса алғанда, 6 өңірдегі 29 бұлақты қамтып отыр. Алдағы уақытта тек Түркістан облысының өзінде 1,5 мыңға жуық су көзі ретке келтірілмек.
ДӘУЛЕН НИЯЗБЕК, САЙРАМ АУДАНДЫҚ «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ-НІҢ БАСШЫСЫ: «Ауданымыздың ерікті жастарынан құралған топ ағаш егу жұмыстарын, бұлақ тазарту сенбілік жұмыстарын толықтай атқару үстінде. Біз өз ауданымыздың жастары атынан бұл акцияға белсене атсалысуға бүкіл республика жастарын бәрін белсене атсалысуға шақырамын».
Алдағы сәуір айында акцияның екінші кезеңі басталып, еліміздің барлық аймағын қамтымақ. Мамандар бүгінде мұрағаттағы 2772 бұлақтың картасын әзірлеп, оның 700-ден астамын нақты анықтады. Бұл су көздері алдағы уақытта су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді деп күтілуде
Ботакөз Әнуар

