Елімізде кейінгі жылдары жұмысын ауыстырғандар саны артып отыр. Зерттеулерге сүйенсек, жыл сайын жүздеген мың адам өз мамандығын өзгертеді. Соңғы кезде бұл көрсеткіш 20 пайыздан асқан. Сапаршылар еңбек нарығының тұрақсыз екенін айтады.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр жұмыстан кеткен қызметкерлер үлесі 22,5%-дан асты. Бұл соңғы жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Күрт өзгеріс ең алдымен көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, қонақүй-ресторан бизнесі, жарнама саласында байқалған. Жылжымайтын мүлік жағында жағдай тіпті күрделі: риэлторлардың 95%-ы бір жыл ішінде өз жұмысын тоқтатқан. Сарапшылар мұны бұл мамандықта тұрақты жалақы жоқ, бірақ талап жоғары екенімен түсіндіреді. Басқа саладан ауысып келген жандар, көпке шыдамайды дейді мамандар.
АЛЕКСАНДР ПАК, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:«Риэлтор мамандығы өте күрделі. Мұнда құқықтық, техникалық білім, келіссөз жүргізу дағдылары қажет. Бұған қоса жүйке жүйесінің шаршауы, икемді жұмыс кестесі және тұрақты жалақының болмауы қосылады. Сол себепті 10 адамнан тек 1–2 ғана ұзақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар».
Еңбек нарығының әлсіреуіне жаңа салықтық өзгерістер әсер етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе шағын бизнес иелері штат санын қысқартып, өзін ғана жұмыспен қамтуға көшкен.
АЛМА ЖАНДӘУЛЕТОВА, FMI PROFESSIONALS РЕКРУТИНГ АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Шағын бизнес иелері жабылып жатыр. Қазір көп кәсіпкер өз қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтушы форматына ауыстырып отыр немесе штат көлемін қысқартқандар бар. Тұрғындар көп жалақы алғысы келеді. Бірақ айлықтан ұсталатын салық 45%-қа жетіп отыр. Бұл көп кәсіпкер үшін ауыр, көбі оны төлей алмайды. Сондықтан штатты жабуға мәжбүр».
Соған қарамастан еңбек нарығын алмастырып жатқан жайт жоқ емес. Мәселен, автоматтық жүйелер, жасанды интеллект кей мамандықтың орнын басып отыр. Халықаралық сарапшылар дерегінше, алдағы жылдары кеңсе қызметкерінің төрттен бірін жаңа технологиялар алмастырады. Сәйкесінше, Қазақстанда шамамен 1 миллион адам өз жұмысынан айырылуы мүмкін.
Әсел Мәлік






