Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.
Адам папиллома вирусы (АПВ) көбіне белгісіз өтеді немесе иммунитет 6-12 айда оны жояды. Негізгі белгілеріне жыныс мүшелеріндегі және терідегі сүйелдер (кондиломалар), қышу, жану, жыныстық қатынас немесе зәр шығару кезіндегі ыңғайсыздық жатады. Инфекцияның қауіпті түрлері жатыр мойны обырын тудыруы мүмкін.
АПВ-ның клиникалық белгілері мен ерекшеліктері:
- Жасырын өту:Көптеген жағдайда вирус ешқандай клиникалық көрініссіз жүреді.
- Сүйелдер мен кондиломалар:Теріде (қол, аяқ) немесе шырышты қабаттарда (жыныс мүшелері, ауыз қуысы) папилломалар, кондиломалар түріндегі өскіндердің пайда болуы.
- Ыңғайсыздық:Жыныс аймағында қышу, жану және ауырсыну сезімі.
- Қан кету:Жыныстық қатынастан кейін немесе етеккір арасында жатыр мойнының зақымдануынан болатын қанды бөлінділер.
Адам папиллома вирусын (АПВ) алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация (6, 11, 16, 18 түрлеріне қарсы), ол жатыр мойны обырынан қорғайды. Инфекциядан сақтану үшін тұрақты жыныстық серіктесті таңдау, мүшеқап (презерватив) қолдану және жеке гигиенаны сақтау маңызды. АПВ-ны толық емдеу жолы жоқ, сондықтан алдын алу шаралары өте маңызды.
АПВ алдын алудың негізгі шаралары:
- Вакцинация:АПВ-ға қарсы вакцина-HPV инфекциясының, жатыр мойны обырының және HPV-мен байланысты басқа онкологиялық аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы.
- Жыныстық өмірді реттеу:Тұрақты және сенімді жыныстық серіктеспен қатынаста болу.
- Қорғану:Мүшеқапты (презерватив) қолдану, бірақ ол 100% қорғамайтынын есте сақтау керек.
- Тұрақты тексеру:Гинекологқа барып, ПАП-тест (цитологиялық зерттеу) тапсырып тұру.
- Гигиена:Жеке бас гигиенасын сақтау.
АПВ-ны емдеу тәсілі жоқ, сондықтан уақытылы вакцинация жасау және алдын алу шараларын ұстану – обырдан қорғанудың бірден-бір жолы.
Д.Э.Одзял,
Еңбекші ауданының СЭББ
бас маманы




