Úı Jańalyqtar Алып жемістер бағы: Шымкенттік шебердің туындылары

Алып жемістер бағы: Шымкенттік шебердің туындылары

Көзге тартымды, бірақ жеуге келмейді. Бұл танымал жұмбақтағы жеміс емес, шымкенттік шебердің қолынан шыққан шынайы мүсіндер. Қаламыздың тұрғыны көлемі мен түсі нағыз жемістен айнымайтын алып туындылар жасап, әлеуметтік желінің жұлдызына айналуда. Өнер иесінің ерекше жұмыстарымен тілшіміз тамашалап қайтты

Суретші Артем Фодчук өз шеберханасын нағыз өнер жылыжайына айналдырған. Мұнда бақшадан жаңа ғана үзілгендей әсер беретін түрлі жеміс-жидектер мен бейнелер жасалады. Әрбір туынды тек қолмен дайындалатындықтан, оның әрбір жұмысы таңғалдырмай қоймайды. Сондықтан болар, шебердің еңбектері Шымкенттен жырақ жерлерде де жоғары сұранысқа ие. Артем біздің түсірілім тобына өз жұмысының қиын тұстарын да айтып берді.

АРТЕМ ФОДЧУК, МҮСІНШІ: «Бұл істің басты қиындығы – материалдардың денсаулыққа тигізер залалында. Химиялық заттармен, бояулармен жұмыс істеген соң, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек, бұл өте зиянды процесс. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – алдыма қойған мақсатым мен жұмысымның соңғы нәтижесі. Көз алдымда жаңа дүние пайда болып, ойымдағы кейіпті тапқан сәтте барлық қиындықтар мен кедергілер екінші планға ысырылып қалады».

 

Бұл іс ерекше дәлдік пен шексіз төзімділікті қажет етеді. Шынайы бейнелерді жасау үшін арнайы материал пайдаланылса, қажетті құрал-саймандарды суретші АҚШ пен Қытайдан алдыртады. Соңғы уақыттағы ең күрделі жұмыстарының бірі — анар мүсіні. Жемістің шынайылығын арттыру үшін оның әрбір дәні арнайы қалыптарда жеке-жеке құйылған. Артемнің шығармашылығын желі қолданушылары да қызыға бақылайды, өйткені мұндай «бағбанды» күнде көре бермейсің.

 

АРТЕМ ФОДЧУК, МҮСІНШІ: «Менің жұмысымда қолданылатын материалдардың қасиеті ерекше. Олар өте берік, тіпті морт сынбайды десе де болады. Мысалы, дайын бұйымды балғамен ұрып тексерсеңіз де, оған ешқандай зақым келмейді, пішіні бұзылмайды. Бұл – біздің мүсіндердің басты артықшылығы. Бірақ бұл материалдың да өз «әлсіз тұсы» бар. Ол тек оттан ғана қорқады».

Ондаған шынайы мүсіннің кейбірінің көлемі автордың бойымен бірдей. Бұл туындылар алдағы уақытта ғимараттардың сыртқы қабырғаларын әрлеп, түрлі мекемелер мен орындардың интерьеріне сән бермек.

Ботакөз Әнуар