Úı ANONS Атышулы қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар жазаға тартылды

Атышулы қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар жазаға тартылды

Shutterstock
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Н. ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық (инвестициялық) пирадимиданы құру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға басшылық ету) айыпталған. Төрт сотталушы ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігімен, 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық (инвестициялық) пирадимиданы құруға көмектесуші) айыпталған.
2024 жылдың мамыры мен 2025 жылдың ақпан айы аралығында аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық пирадимиданы құру және оған басшылық ету мақсатында, «Назира Голд» атауымен жобаны әлеуметтік желілерде жарнамалап, 1 000 000 теңгеге 5 ай бойына 21-41 пайыз аралығында үстеме ақша беріп, 5 айдан соң сол ақшаны түгел қайтаратынын айтып аударым жасату және қолма-қол алу жолымен аса ірі мөлшерде 1 460 000 100 теңге ақша қаражаттарын тартып, жалпы 177 жәбірленушілерге мүліктік шығын келтірген.
Қалған төрт сотталушы, сотталушы Н.-ға кедергілерді жоюмен, қылмыстық жобаның жұмысын жандандыруға және өзгеде тұлғаларды жобаға салымшы ретінде тартып, салымшылардан ақша қабылдап, қабылданған ақшаларды қылмыстық айналымға салып, қаржы пирамидасы жобасының жарнамасы мен түсіндірмесін қарқынды жүргізіп, осы жобаға тіркелуге белсенді түрде кеңестер беріп, түрлі халықтың назарын аударатын акциялар жариялауға қатысуға шақыру арқылы көмектескен. Сотталушының кінәсі дәлелденді. Сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
 
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, екі сотталушыға ҚК-нің 74-бабын қолданумен жазасын кейінге қалдыруды сұрады.
Жәбірленушілер заңға сай шешім қабылдауды сұрады.
Екі сотталушы кінәсін ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды, үш сотталушы өздеріне қатысты ақтау үкімін қабылдауды сұрады.
 
Жаза тағайындау барысында сот төрт сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасөспірім балалары болуын таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Ал, бір сотталушыға қатысты қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот: Н.-ды ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 58-бабы 6-бөлігін қолданумен түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде, жазасын өтеуін 1 жылға кейінге қалдырды;
Қ.-ны ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде, жазасын өтеуін 2 жылға кейінге қалдырды;
үш сотталушы ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, екеуінің мүлкін тәркілеп, екеуіне 6 жылдан, біреуіне 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Азаматтық талап арыздар ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.