Шымкенттен тағы бір шу шықты. Базар басшысы мен саудагер арасындағы дау қылмыстық іске ұласты. Базар басшысы саудагер әйелді зорлады ма? Оқиғаның ақ-қарасы қандай?
Шымкенттегі базарлардың бірінде дау шықты. Құқыққорғаушы Ләззат Рақышева базарда сауда жасайтын әйелдің көмек сұрағанын жазды. Рақышеваның мәліметінше, саудагер 3 баланың анасы. Базарда қоймасы бар. Мерекелік күндерде сауда болмай, базар әкімшілігіне жал ақысының төлей алмай уақыт сұраған.
ЛӘЗЗАТ РАҚЫШЕВА, ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫ: «Содан кейін әйелді базар басшысы шақырған. «Бүгін төлей алмасаң, бұл жерден шығасың» деген. Саудагер жағдайды түсіндірген. Отбасындағы жағдайды, күйеуінің ұрып-соққанынан кейін әлі ес жинай алмай жүргенін, бұл ауырға соққанын жеткізген. Сол кезде базар басшысы: «Онда басқа жолмен есептесеміз» деген. Ары қарай жазудың өзі қиын. Ол әйелді жұмыс бөлмесінде зорлаған»
Рақышеваның жазуынша, әйел сол күні полицияға арызданған. Полиция арыз түскенін растады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Азаматша Е.-нің арызы негізінде сол күні полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шаралары кешенді түрде жүргізілуде. Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, мұқият зерделенуде. Барлық қатысушылар мен куәгерлерден жауаптар алынып, әр тараптың уәждері тексерілуде»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Құқыққорғаушы полиция арыз қабылдап жатқан сәтте жәбірленуші әйелге бөлмеге өз аяғыңмен кірдің деп айтылғанын жазады. Дегенмен департамент тергеу кезінде болған оқиғаларды дәлелдейтін объективті материалдар бар екенін атады.
Дилара Иса
