Úı ANONS Кенгуруға есім таңдаңыз

Кенгуруға есім таңдаңыз

Кенгуруға ат қойғыңыз келе ме? Ендеше, бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Аустралиялық қалталы жануарлар жұбы жақында  төлін өмірге әкелді. Аңдар әлемінде басқа да қызықты жаңалықтар бар. 

Мына бір сүйкімді кенгуру — Шымкент хайуанаттар бағының бүгінгі басты кейіпкері. Ол әлеммен енді ғана танысып жатыр, сондықтан әзірге анасының қасынан алысқа ұзамайды. Қалталы жануарлар камерадан қымсынбай, жаңа туған төлді түсіруге толық рұқсат бергендей. Көп ұзамай бұл бейнежазбалар интернетті шарлап, нағыз трендке айналары анық. Ең қызығы, зообақ ұжымы кенгуруға есім таңдауды тұрғындардың еркіне қалдырды. Ол үшін мекеменің инстаграм парақшасына өтіп, өз нұсқаңызды қалдырсаңыз жеткілікті.

БАҒДАТ ӘМЗЕБЕК, ЗООБАҚТЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМНІҢ МЕҢЕРУШІСІ: «Жануарларымыздың көпшілігі сыртқы қоршауға көшіп жатыр. Оның ішінде бегамот, жираф. Және бізде ең қуанышты жаңалықтардың бірі кенгру төлі дүниеге келді. Оның қазірде жынысы аналық болып анықталып жатыр. Ветеренариялық мамандардың шешімімен».

Көктем Шымкент хайуанаттар бағына сәттілікпен келді. Мұндағы жануарлар қатары сиремей, қайта толыға түсуде. Әсіресе, Әзербайжаннан ұшып келген 4 бірдей макака келушілердің сүйіктісіне айналып үлгерген. Жаңа меймандар акклиматизациядан сәтті өтіп, зообақ тынысына жылдам сіңіп кетіпті. Мамандар биылғы жылды «өте берекелі» деп бағалап отыр. Өйткені, қасқырлардан бастап, қара аққуларға дейін төл беріп, хайуанаттар бағының демографиялық көрсеткішін көтеріп тастады.

Шуақты ауа райы зообақ жұлдызы — жираф Астананың далаға шығып, серуендеуіне мүмкіндік берді. Ал кіреберісте келушілерді альпакалар қарсы алады. Бұрынғы балалар аймағы қалалықтардың өтінішімен осы жануарлардың иелігіне берілді. Айта кетейік, биыл Шымкент зообағында билет бағасы қымбаттаған жоқ. Бұл — жас ұрпақтың табиғатты танып, жануарларды аялап өсуіне жасалған жағдай.

БАҒДАТ ӘМЗЕБЕК, ЗООБАҚТЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМНІҢ МЕҢЕРУШІСІ: «Біздің зообақ күндізгі 9-дан кешкі 19:00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Бізде ересектерге 800 тг, балаларға 400 тг, студенттерге 600тг. Мүгедектер мен пенсионерлерге тегін».

Сонымен қатар, хайуанаттар бағында келушілер үшін пайдалы қызмет түрі енгізілді. Енді мұнда арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады. Тұрғындар белгіленген бағыт бойынша серуендеп қана қоймай, гид-биологтардан жануарлар әлемі туралы қызықты деректерді біле алады.