Зағамбардағы қанды оқиғаға нүкте қойылды. Ағайынды жігіттерге пышақ сілтегендерге сот үкім шығарды. Сот залында марқұмның жақындары кешірім бермейтінін мәлімдеді. Сотталушылар кінәсін ішінара мойындады. Сот оларды қанша жылға соттады? Жантүршігерлік істің жай-жапсары қандай?
Жүрегіне сұғылған пышақтан інісі көз жұмып, ағасы алған жарақатынан жан сақтау бөліміне түскен іске қатысты сот үкім оқыды. Қанды оқиға тал түсте Зағамбар ауылындағы көлік жуу орнында болған. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарылық соты екі сотталушыны 15 және 20 жылға түрмеге жапты. Олар Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп танылды.
ЗАМАНБЕК ИСМАИЛ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Сотталушы О. ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігімен, 99-бабы 2-бөлігінің 9-тармағымен, 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабы 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтарымен айыпталған. Сотталушы Қ. ҚК-нің 28-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабы 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтарымен және 293-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен айыпталған».
Сот дерегінше, сотталушының бірі жәбірленушіні болмашы себеппен ұрып-соққан. Жәбірленуші ағасы мен інісін шақырған. Көмекке келген інісі оқиға орнында қайтыс болған. Сотталушының бірі онымен тоқтамай екінші адамды бірнеше жерінен жарақаттап, оқиға орнынан бой тасалаған. Ал екінші сотталушы оның әрекетіне кедергі келтірмей, қылмыс жасауына ықпал еткен.
ЗАМАНБЕК ИСМАИЛ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Прокурор, сотталушыларға 15 жылдан аса мерзімдерге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотта, сотталушы О. кінәсін ішінара мойындап, жеңіл жаза тағайындауды, ал сотталушы Қ. бұзақылық ниетпен жасалған кінәсін мойындап ол бойынша жеңіл жаза тағайындауды, ал қалған баптар бойынша кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Жәбірленушілер мен олардың заңды өкілі, сотталушыларды кешірмейтінін, оларға қатаң жаза тағайындауды талап етті».
Сотталушылар жәбірленушілерге 25 миллион теңге моралдық шығын өндірілген. Үкім заңды күшіне енбеген.
Еске салайық, өткен жылдың қазан айында Зағамбар ауылында ағайынды жігіт пышаққа ілінген. Олардың бірі 19 жастағы Мағжан Бимұрза қайтыс болған. Мағжан отбасындағы 5 баланың сүт кенжесі еді. Дау көрші ауылдың жігіті көлігіңді ал деп доқ көрсетіп, жұдырықтаудан басталғаны айтылған.
Дилара Иса
