Úı ANONS Мораторий аяқталды: Енді тарифтер қалай өзгереді?

Мораторий аяқталды: Енді тарифтер қалай өзгереді?

Коммуналдық қызмет бағасы алдағы уақытта қымбаттауы мүмкін. Қазіргі таңда коммуналдық кәсіпорындар тарифті өсіру бойынша өз ұсыныстарын уәкілетті органға жолдаған. Аталған өтінімдер бүгінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінде қаралып жатыр деді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов хабарлады.

 

Биыл 1 сәуірден бастап елімізде коммуналдық төлемдердің бағасын өсіруге қойылған мораторийдің мерзімі аяқталды. Енді тарифтердің өзгеруі кезең-кезеңімен қаралатын болады. Жауапты органдардың мәліметінше, алдымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі сала субъектілерінің өтінімдерін зерделейді. Мұнан соң ған, тарифтердің бағасы көтерілуі мүкін. Бұл халыққа қалай әсер етпек.

«Қымбаттаған сайын, халықтың қалтасы көтермейді. Біреуі жұмыс жасамайды. Сол бағада қалу керек деп ойлаймын. Бір адамның жағдайы жақсы болғанымен, біреуінікі жақсы емес. Көбісі кредитте отыр».

«9 мың теңге жылуға, светке 3 мың теңге, суға мың теңге төлеймін. Қымбаттамағаны дұрыс қой. Барлығымыздың қалтамыздан ұрады».

«Не өзгереді. Бәрібір өзгермейді. Қымбаттаса да мән бермеймін. Бәрібір ештеңке өзгерте алмайсың».

 

Ал, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, бағадағы өзгерістер әр өңірдің ерекшелігіне қарай жергілікті деңгейде бекітіледі. Яғни, аумақтық департаменттер жұмыс істейтіндіктен, тарифтердің өзгеру мерзімі аймаққа қарай әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, электр энергиясына қатысты өтінімдер ертерек қаралса, су тарифтері бойынша ұсыныстар кейінірек түсуі ықтимал деді вице министр.

СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Өсуі мүмкін. Енді оны ашық айтып жатырмыз. Өйткені, инфляция бар, тиісті құралдар қымбаттайды. Екінші ол мекемелердің бәрінде біздің жерлестеріміз жұмыс жасайды. Жалақыны көтеріуіміз керек. Сондықтан ол мәселелер объективті түрде қаралып, сондықтан тиісті себептер болғанда өсeі мүмкін».

Дегенмен, қандай жағдай болмасын, тарифтер қоғамдық тыңдаудан өтпей қымбаттамайды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда коммуналдық төлемдерді өсіруге арналған мораторий 2025 жылдың 16 қазанында енгізілген болатын.

Нұргүл Жолымбетова