Úı ANONS Р. Жанпейісов 12 күнге қамалды

Р. Жанпейісов 12 күнге қамалды

фото ОТЫРАР.КЗ

Шымкентте атышулы автоблогерге қатысты іс қайта қаралды. Апелляциялық сот бұрынғы шешімді өзгертіп, Бейбарыс Райымбековке 12 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Прокуратура оны полиция жұмысына кедергі келтіріп, қоғамдық тәртіпке байланысты дау тудырды деп айыптаған. Ал автоблогер өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып отыр.

 

Шымкент қаласының апелляциялық алқасы Руслан Жанпейісов атымен танылған автоблогер Бейбарыс Райымбековті 12 тәулікке түрмеге жапты. Сөйтіп дәлелдемелердің жоқтығына байланысты қысқартылған бірінші сатылы соттың қаулысын бұзды.

 

НАЗИРА АМАНҚҰЛОВА, судья: «Сот алқасы бірінші сатылы соттың қорытындысымен келіспейді. Сот істің мән-жайын  дұрыс бағаламаған. Қолында құқықбұзушының кінәсін дәлелдейтін дәлелдемелер  бар бола тұра істі қысқартқан».

 

Прокуратура апелляциялық шағымында Жанпейісовтің  полицияның қызметіне негізсіз араласқанын, жұмыс  уақытында оларды алаңдатқанын, түрлі сұрақ қойып мазалағанын жазған. Тікелей эфирге шығып, жағымсыз пікір қалыптастырған. Сонымен бірге, Райымбековтің оқиға орнына ерікті түрде келгені айтылғанымен, мұны ол жоққа шығарды. Айтуынша, оны полицейлердің өзі тоқтатқан.

БЕЙБАРЫС РАЙЫМБЕКОВ, АВТОБЛОГЕР: «Менде біреудің ізіне түсу, масқаралау ниеті болған жоқ. Мақтап жатырмын ғой. Мақтағаннан басқа не бар ол жерде? Масқаралаған жері болса көрейік. Ол жерде жағымды болмаса, жағымсыз жағдай жоқ. Болса көрсетсінші. Мен бәле іздеген жоқпын ол жерден».

«Менің қызылордалық полицелерге бір сұрағым ғана қалды. Олар аялдамада тұр. Дендросаябақ деген аялдамада тұр».

 

Айта кетейік, оқиға 22 сәуірге қараған түні болған.  Сол түні Райымбековты полиция жұмыс орнынан алып кетіп, қамаған. 23 сәуір күні әкімшілік сотта автоблогердің ісі қысқарған. Судья оның әрекетінде құқықбұзушылық жоқ деп тапқан. Сотта әкімшілік хаттама толтырған инспектор оның бұл әрекетін тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі етіп,  құрметсіздік танытқанын дәлелдеп бере алмаған.

Дилара Иса