Úı ANONS Шығысқа 150 отбасы көшіп барады

Шығысқа 150 отбасы көшіп барады

Шымкентте жұмыссыз жүргендерге үлкен мүмкіндік. Қалада ауқымды еңбек жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оңтүстік тұрғындарын солтүстік пен шығыс өңірлерге көшуге шақырған мамандар қандай жеңілдіктер ұсынады? Миллиондаған қаржылай қолдау мен тегін оқу гранттары кімдерге беріледі? Жұмыс бар, бірақ маман тапшы аймақтар қайсы?

Шымкентте екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындарға арналған ауқымды еңбек жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда қаладан бөлек Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облысынан келген делегаттар қоныс аудару және жұмыспен қамту жайын түсіндірді. Жәрмеңкеге келушілердің бірі — Ержан Сапар. Мамандығы — мал дәрігері. Көпбалалы отбасынан шыққан жас жігіт биыл оқуын аяқтап, солтүстік аймақтардың біріне көшіп баруды жоспарлап жүргенін айтады.

ЕРЖАН САПАР, СТУДЕНТ: «Бұл жерге келген мақсатым — Шығыс Қазақстан, Павлодар облысына бізге көптеген мүмкіндіктер беріп жатыр. Осы жерге келіп, қандай жағдайлар ұйымдастырылған, көріп, бақылап, ұнаса сол жерге барсақ деген мақсатта келдік».

Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне еңбек күші тапшы 6 облыстың өкілдері қатысты. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысынан  70-ке тарта жұмыс беруші  2 мыңнан аса бос тұрақты жұмыс орнын ұсынды. Бұдан бөлек те аймаққа көшіп барушыларға жәрдем көп.

АРАЙЛЫМ ЕСІМБЕКОВА, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Мемлекет тарапынан берілетін 7 млн. үй алуға арналған еңбек ұтқырлығы сертификаты, 302 мың теңге әрбір отбасы мүшесіне берілетін көші-қон шығындары бар. 1 жылға дейін пәтер жалдап тұру үшін пәтер ақысы шығындарынан бөлек біздің қоныс аударушыларымызға қолайлы жағдай жасау үшін Шығыс Қазақстан облыстық өңірлік Шығыс шақырады деген өз бағдарламамызды қабылдадық».

Бұл бағдарлама көшіп барушыларға не береді? Біріншіден, өз кәсібін ашып, іске қосу үшін 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұсынады. Баспана үшін берілетін 7 миллион теңге сатып алатын үйіңізге  жетпесе, банк арқылы 20 миллион теңгеге дейін 5 пайыздық несие ұсынылады.  Аймаққа көбіне көпбалалы отбасылар қоныс аударып жатыр. Олардың мектеп бітіретін балаларына тегін оқу гранты беріледі. Содан да шығысқа қоныс аударушылар көп дейді ұйымдастырушылар.

 

ЖАҢАБАЙ АҒАБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Шығыс Қазақстан облысына кеше сұрағанымда 150 отбасы көшіп барамыз деп ниет білдірген. Осы екі күннің ішінде. Енді бүгін келіп жиналып жатқан азаматтардың қарасы көп. Қазіргі таңда қанша азаматтарымыз жазылып отыр. Қазақтың бір жақсы мақалы бар. «Бос жатқан жерге жау құмар». Шығыс Қазақстанда, барлық облыстарда  ауылдар жабылып бара жатыр. Бос жүрген азаматтарды сол жерге алып барып, жұмыспен қамтып жатырмыз. Жабылып жатқан мектептерді ашып жатырмыз».

Жәрмеңкеде тек өзге аймақтың ғана емес, қаладағы мемлекеттік және жекеменшік 50 мекеме 3 мыңнан аса бос жұмыс орнын ұсынды. Ал өзге аймақтан ұсынылған орын саны  4 мыңнан асады. Аймақтарда білім саласы мен денсаулық саласында мамандар тапшы.

 

БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бұл жәрмеңкенің негізгі мақсаты Шымкент қаласынан ерікті түрде қоныс аудару, жұмыс күші тапшы өңірлерге. Сол бойынша  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кіріс өңіріне кіргеннен кейін ол жақта комиссия шешімімен мақұлданғаннан кейін оларға квота бөлінеді. Әр өңірде белгіленген мерзімі бар. Мысалы, 5 жылға дейін тұру керек деген. 5 жылдың ішінде кетіп қалған болса, квотаны көшіп барған отбасы қайтаруға тиіс».

Ресми мәлімет бойынша, қалада 31 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту қолға алынған. Оның 12 мыңға жуығы жұмысқа орналасқан. Қалғаны қазірше бос жүр.

Дилара Иса