Шымкент қаласының Әділет департаментінің қызметкерлері қала базарларында жоспардан тыс тексеру іс-шараларын өткізді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты — «Coca-Cola» брендімен қолдан жасалған өнімдерді анықтау және олардың заңсыз айналымына тосқауыл қою.
Тексеру жұмыстары The Coca-Cola Company компаниясының ресми өтініші негізінде жүргізілді. Құқық иеленуші тарап қала аумағында шығу тегі күмәнді өнімдердің таралуы және айрықша құқықтарының бұзылуы туралы мәлімдеген.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде қала базарларында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясы анықталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері тіркелді, атап айтқанда:
– таңбалау талаптарының сақталмауы
– құқық иеленушінің рұқсат құжаттарының болмауы
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтарын қорғау — басым бағыттардың бірі екендігін жеткізеді. Контрафактілік өнімдер құқық иеленушілерге экономикалық зиян келтіріп қана қоймай, санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Шымкент қаласының Әділет департаменті кәсіпкерлерге контрафактілік тауарларды сатқаны үшін заңда көзделген жауапкершілік бар екенін ескертеді. Мұндай тексеру іс-шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

