Шымкент — халықаралық сән орталығына айналды! Оңтүстік мегаполисте сегіз мемлекеттің басын қосқан «Turan Fashion Week» жобасы басталды. Биылғы іс-шарада подиум төрінде тек кәсіби модельдер ғана емес, елге танымал табысты әйелдер де бой көрсетті.
Киім — адамның ішкі әлемінің айнасы, оның талғамы мен мәдениетінің көрінісі. Бүгінде сән әлемі жай ғана үрдіс емес, өнер мен шығармашылықтың биік белесіне айналған. Солардың бірі — «Turan Fashion Week» халықаралық жобасы. Бұл ауқымды көрсетілім 2018 жылдан бері жылына бір рет өткізіліп келеді. Ал биылғы басты ерекшелік — подиум төрінде тек кәсіби модельдер ғана емес, қоғамда өзіндік орны бар, «women models» бой көрсетуі. Жоба негізін қалаушы Дина Рысбектің айтуынша, бұл — әйел затының жетістігі мен сұлулығын ұштастырудың жаңа форматы.
ДИНА РЫСБЕК, «TURAN FASHION WEEK» НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: «Жобамыз 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны құрудағы басты мақсат – Қазақстанның мәдениетін дамыту. Сондықтан қатысушыларымыздың географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Осы маусымда бізде ерекше жаңалық бар – ««women models» санатымен бірлескен сән көрсетілімі ұйымдастырылады. Өйткені бүгінгі таңда әйелдер өте табысты: олар бір уақытта бизнес жүргізіп, бала тәрбиелеп, жеке дамуын қатар алып жүре алады».
Жылдың басты сән оқиғасында Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан сынды сегіз мемлекеттің дизайнерлері бас қосты. Әрбір қатысушы бұл кешке өзіндік қолтаңбасы мен жаңа идеясын ала келген. Мәселен, өзбекстандық шеберлер ұсынған үлгілерден нәзіктік пен паңдықтың нышаны айқын аңғарылады.
СОФИЯ ЮСУПОВА, «DRESS REPUBLIC» БРЕНДІНІҢ ДИЗАЙНЕРІ: «Мен Ташкент қаласынан шақырту алғаныма өте қуаныштымын және Өзбекстан атынан қатысып отырған жалғыз дизайнермін. Turan Fashion Week үшін арнайы «Исмыгуль» деп аталатын жаңа топтамамызды дайындадық. Аудармасы – «Оның есімі Гүл еді», яғни гүл бейнесін білдіреді. Бұл топтаманы жасау барысында мені Өзбекстан жерінде өсетін магнолия гүлдері шабыттандырды. Олар өте әсем әрі нәзік. Байқасаңыздар, бүкіл топтама қызғылт және бордо түстерінде ұсынылған».
Әлемдік сән индустриясында жоғары сапалы мата өндірісі мен текстиль алыбы саналатын Түркиядан да арнайы меймандар келді. Солардың бірі — «Tesetürk» бренді. Олар қол еңбегімен кестеленген және арнайы тастармен безендірілген эксклюзивті образдарды ұсынды.
YASER ARAP, «TESETÜRK» БРЕНДІНІҢ БАСШЫСЫ: «Біз Түркиядан Шымкентке алғаш рет келіп отырмыз. Бұл — біздің компанияның 2025–2026 жылдарға арналған жаңа топтамасы. Негізінен, жабық киінетін қыз-келіншектерге және кешкі сән үлгілерін ұнататындарға арналған. Топтаманың басты ерекшелігі — бұйымдардың барлығы тастармен көмкерілген және қолмен жасалған. Осындай ерекше өнімдерімізді Turan Fashion Week аясында таныстыруға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз».
«Turan Fashion Week» жобасы алдағы уақытта ауқымын одан әрі кеңейтпек. Ал келесі жылы ұйымдастырушылар Мексика, Египет және Әзербайжан елдерінің қатысуын күтіп отыр. Бұл — Шымкентті халықаралық сән орталығына айналдырып, отандық жеңіл өнеркәсіптің жаңа белестерді бағындыруына жол ашатын маңызды қадам.
Ботакөз Әнуар
